Файл: Долорес Кэннон. Мы лшемді алам. Том Мскеу. Стигмарион баспасы, 2014 352 бет.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 08.02.2024

Просмотров: 141

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.



Д.: Сеніңше, олар өзінің пәлсапасын ең дұрыс деп санай ма?

Л.: Иә, иә. Дәл сонысы мені таң қалдырды.


Д.: Бірде әңгімелесіп отырғанда біреуді іздеп жүрмін дедің. Рас па?

Л.: Иә, маған үйреткен дүниені үйретуге жас адам іздеп жүрмін. Мен кетпес бұрын менің жұмысымды өзіне алса деп ем. Бірақ мен оны әлі таппадым.


Д.: Л сен оны қалай танымақсың?

Л.: Маған белгі береді. Мен оны бірден танимын.


Д.: Л қандай белгі боларын білесің бе?

Л.: Жоқ, бірақ онымен сөйлескен кезде осы деп белгі беретінін ескерткен.


Д.: Саяхатқа шығуыңның бір себебі сол ма? Сеніңше, ол адамды өз корольдігіңнен таппас па едің?

Л.: Иә. Бірақ саяхаттаған кезде көп нәрсе үйрендім. Көрген-білгенім туралы сол жас адамға айтып беремін.


Д.: Небір кереметті көрген боларсың?

Л.: Иә. Бірақ жамандықты да көп көрдім. Бұл өмір ғой. Жақсылық жамандықсыз болмайды.

Д.: Ешкімді ғайбаттауға болмайды.

Л.: Болмайды. Оның мағынасы жоқ. Мен қазір ештеңені өзгерте алмаймын. Тек ақпарат жинап жүрмін.

Д.: Әрине, адамдарға көмектесуге тырысу бекершілік. Олар тым көп қой.

Л.: Олар тыңдамас еді. Олар қазір өз дүниетанымын өзгертуге дайын емес.


Д.: Сонда сен бақылаушы сияқтысың ба? (Иә). Сен кетем дегенде отбасың қайтты?

Л.: Олар қайғырды. Дегенмен, олар бала күннен мені бір түрлі деп ойлайтын. Шамасы, олар бөтен сезімге ырық берді.


Д.: Сен олар сияқты болмадың ғой?

Л.: Рас. Сондықтан олар мені жібере салды. Кейде оларды сағынамын.


Д.: Ара-тұра жалғызсырайтын боларсың?

Л.: Иә. Олар мен білгенді білмесе де, отбасы деген әрқашан жақсы ғой.


Д.: Иә, түсінемін. Қазір сен Ливерпульдесің?

Л.: Иә. Ертең бұл жерден кетемін. Испанияға кететін шығармын.


Д.: Тағы да кемеге отырасың ба? (Иә, иә). Сен басқа бағыттағы саяхат туралы ойлап па едің – мұхиттың арғы бетіне?

Л.: Мен мұндай әңгімені естігенмін. Бірақ ол жаққа жеткізетін сенімді жол бар деп ойламаймын. Мұхит өте үлкен. Қазір ондай ұзақ жолға дайын емеспін.


Д.: Ол жаққа әлі адамның табаны тимеді деп ойлайсың ба?

Л.: Ел бұл жайында көп айтады. Колумб деген адам Жер сопақ деп айтыпты. Ел оны күлкіге айналдырды.


Д.: Сен «Колумб» деген адамды көрдің бе?

Л.: Жоқ, мен оны көрмедім. Қаладағылардан естігенмін. Олар сол туралы айтып, келемеж етті. Мен ішімнен «өкінішті» деп ойладым. Қасында тұрып тыңдадым. Бір сәтте, бәлкім, көмегім тиер деп те ойлап кеттім. Маған көмектесуге болмайды деді. Бірақ онікі жөн еді. Айтып жүрген әңгімесінің қаншалықты дұрыс екенін өзі де білмейді.



Д.: Сен қайдан білесің?

Л.: Маған досым айтып берген. Мен Колумбқа саяхаттауға көмектесе алар едім. Маған үндеме деді.


Д.: Не? Досың не айтты?

Л.: Ол маған картиналарды көрсетті. Шын мәнінде анық картина емес еді. Ол суреттерді «фотография» деді. Не екенін өзім де білмеймін. Картина сияқты. Бірақ ондай түрін бұрын көрмеппін. Қарындашпен салынбаған, бояумен боялмаған. Бірақ тамаша. Досым әлгі Жер туралы менің түсіме де кірмеген таңғажайып нәрселерді көрсетті.


Д.: Маған айтып бере аласың ба?

Л.: Түнгі аспанда өте биік көтереліп, төмен жаққа қарап тұрғандай. Бұл картиналардың ең әдемісі еді. Бұл картинадан Жердің пішіні және мен ешқашан білмей өтетін мұхиттағы жерлерді көруге болады. Қазіргі адамдар өздері тұратын жер ғана бар деп ойлайды. Басқа жерлер барынан мүлде бейхабар. Ал шын мәнінде ешкім білмейтін, бар екендігінен хабары жоқ жерлер өте көп. Ол жерлер біз тұратын жерден әлдеқайда үлкен. Жері, орманы, таулары көп. Көз тұнатын жерлер. Кейде онда адамдар бар. Кейде жоқ. Адамын күтіп тұрған жерлер бар (мұның бәрін ол байсалды, мұңды дауыспен айтты).


Д.: Л онда қандай адамдар тұрады?

Л.: Мен төрткүл дүниені толық араламадым. Тек бір пұшпағын ғана көрдім. Алыс жерге жаяу жету мүмкін емес. Алайда маған бір күні ол жаққа да жетерсің деп айтқан.


Д.: Саған картиналарды көрсетті дедің ғой?

Л.: Иә, бірақ картинада адамдар болмады. Тек Жердің сұлбасын алыстан алған. Бірақ мен сол жақта өмір сүретін адамдарды көргім келеді. Олар бізге ұқсай ма, жоқ па, маған сонысы қызық.


Д.: Сеніңше әлгі Колумб сондай жерге бара жатыр ма?

Л.: Ол шығысқа кетіп барамын деп ойлап жүр. Ол басқа жердің барынан бейхабар-ау. Басқа жер барын білмейді.


Д.: Ал сенің досың оған айтып бергеніңді қаламай ма?

Л.: Жоқ, қаламайды. Мұндай қадам жөн емес деді, себебі ол бәрібір маған сенбес еді.


Д.: Жөн екен. Ол өзі білуі қажет. Сенің білгенің сияқты. Л сенің заманыңның адамы мұхиттың арғы жағы туралы не ойлайды?

Л.: Олар кемеге мініп, алысқа кетіп қалсаң, көп қайғыға душар боласың деп ойлайды. Мәңгілікке жоқ боласың дейді.


Д.: Сенің заманыңның адамы мұхиттың ар жағында адамдар бар дегенге сене ме?

Л.: Жоқ, олар көзбен көргенге ғана сенеді.


Д.: Досың Жердің картинасын көсреткенде, оның пішіні қандай еді?

Л.: Дөңгелек, жерінен суы көп. (Шаттана). Білесің бе? Меніңше, Жер айналып тұрады. Өзінің осінен айнала береді, айнала береді.


Д.: Сен мұны картинадан көрдің бе?



Л.: Иә, бірақ Жер өте баяу айналады. Жер бетінде су мен құрлық бар, құрлықтары үлкен. Бірақ су одан да көп.


Д.: Сенің заманыңның адамы Жер дәл осындай дегенге сене ме?

Л.: Олар менің не көргенімді білмейді. Жер тек өздері тұратын жердей ғана деп ойлайды. Ары қарай ештеңе жоқ деп ойлайды. Адамның дені білімнен қорқады, жаңа білімге ынтасы жоқ. Өздері тұратын жерден алысқа кетпейді. Д.: Сен жасаған қадам ерлікке пара пар болғаны ғой?

Л.: Маған берілген нұсқаудан аспауым қажет болды. Басында қиын еді. Бірнеше жылдан соң үйреніп кеттім.

Д.: Қатты қорыққан шығарсың? Алдан не күтерін білмей...

Л.: Қатты қорықтым, есім шығатын. Маған ешкім зиянын тигізбейтінін түсінгенде барып көңілім орнына түсті.


Д.: Досыңды әлі көріп тұрасың ба?

Л.: Иә, ара-тұра менімен сөйлесіп қояды. Жақсы нәрселерді көрсетеді. Мен білуге тиісті заттарды айтып береді. Ол маған Жер туралы айтып берген. Көп жылдан соң бәрі қалай боларын айтады. Адамзат баласы дүниетанымын, өмір салтын қалай дамытатынын айтады. Өркениет қатты өзгермек. Бұл өте қызық. Кейде соның бәрі шынымен орындалатынына сену қиын.


Д.: Өзіңе бәрінен де неге сену қиын?


Л.: (Әбіржіп). Бірде ол маған — осынысына сенуім қиын боп тұр – аспанда кеме ұшады деді. Ақымақтық емес пе?

Д.: Шынында да қызық екен...

Л.: Сол кемеге мініп алып, ел Жер бетінде арлы-берлі саяхаттайды дейді. Қазір біз білмейтін жердің бәрін солар білетін болады деді.

Д.: Таңғаларлық екен, адам ұшады дегені өте қызық...

Л.: Бұл керемет қой. Сене алмаймын... (күрсінді) менің санам жетпейді. Мен одан жылқыға қанат біте ме деп сұрадым. Ол кеме жылқыға ұқсамайды деді. Сен мұндайды елестете аласың ба?

Д.: Жоқ, түсінсем бұйырмасын.

Л.: Мен де түсінбедім. Неше түрлі таңғажайыптар орындалады. Ол маған он адамның жұмысын атқаратын машиналар болады деді. Адам тетікті басып тұрса болғаны, жұмыс өздігінен біте береді дейді.


Д.: Бұл адамның күшін сақтауға көмектеседі, солай ма?

Л.: Иә, рас. Ол кезде адамдар қазіргіден жақсы араласатын болады деді. Оларда бір жерде тұрып екінші адаммен сөйлесетін құрал болады екен. Бірнеше шақырым жерде тұрса да, бір бірін еститін болады. Бұл құрал бүкіл дүниежүзін байланыстыратын болады деді. Содан кейін адамдар надандықтан құтылады.


Д.: Мұның бәрі тамаша емес пе?

Л.: Иә. Осындай қорқыныштардан арылсақ жақсы болар еді. Адамдар бір біріне мейірімді бола түсер еді.


Д.: Алыстан сөйлесе алатын құралдары болса, адамдар мейірімді болып кетеді деп ойлайсың ба?


Л.: Иә. Олар қорықпайтын болады. Қазіргі заманның адамдары қатты оқшауланған. Кішкентай қалалардағы өз отбасында ғана өмір сүреді. Сол шектен асатын дүниенің бәрінен қатты үркеді. Осы қорқыныштың салдарынан дұрыстап араласа алмайды. Егер олар жақындасса, бір бірінен көп нәрсе үйренер еді. Құралдар адамдар арасындағы надандықты жояр еді.


Д.: Ол үшін адамдар араласып үйренсе жеткілікті деп ойлайсың ба?

Л.: Иә, дәл солай. Тіл табыса алмау – бұл өте жаман, қорқынышты оятып, алдыңда не тұрғанын көрсетпей тастайды. Тіл табыса алмау айналаңды қараңғылыққа орайды.


Д.: Ол саған сөйлесу құралдары туралы айтып берген екен ғой?

Л.: Иә. Еститін құралдар туралы да. Кішкентай машиналар. Түрі қандай екенін білмеймін. Ол өте кішкентай құрал деді.


Д.: Бұлар адамдарға тіл табысуға көмектеседі... Жақсы ғой?

Л.: Иә. Адамдар түрлі сұрақтар бойынша жауаптаса алады. Бәлкім, сонда олар ең тәуір идеясын жүзеге асыратын болар.


Д.: Маған мұнысы ұнап тұр. Саған сенуге қиын болған тағы не айтты?

Л.: Көп нәрсе айтты. Ғаламда басқа да Жерлер барын айтты. Оларды мекендейтін адамдар бізден әлдеқайда жылдам дамып жатқанын айтты. Олардың білімі де бізден артық екен. Біздің әлем дамып, бізде әлгіндей машиналар пайда болғанда, біз бұрынғыдан білімдірек бола түскенде басқа Жерлерден адамдар өз идеясын бөлісуге келеді деді.

Д.: Бұл тамаша ғой.

Л.: Меніңше, бұл таңғажайып.


Д.: Басқа Жерлерде адам бар дегенге сену қиын ба?

Л.: Өте қиын. Мұны бұрыннан білсем де сену қиын. Бірақ бұған сену Жер бетінде мен білмейтін мекен бар дегенге сенуден оңай болды. Неге мен бұған сене алмаймын?


Д.: Басқа әлемде адамдар бар дегенге сену оңай болды ма?

Л.: Иә, Жер бетінде мен білмейтін мекендер бар дегенге сенуден оңай болды. Жер тек мен мекендейтін орман ғана емес екен.


Д.: Бірақ сенің заманыңның адамына басқа әлемде адамдар бар дегенге сену қиындау емес пе?

Л.: Әрине, олар мұны жамандық деп түсінеді. Ондай туралы ойлауға қорқады. Олар қорқыныштың шегінен аса алмайды. Өздері түсінбегеннің бәрін жамандық дейді. Не өлтіреді, не өртейді. Қатты қорқады.


Д.: Сен Римде болдың ғой. Онда католик үйі бар ма?

Л.: Иә, онда әдемі жерлер көп. Діндарлар көп, айналасына дін таратады. Бірақ олар да қорқынышқа бой алдырған.


Д.: Солай ойлайсың ба?

Л.: Бұған сенімдімін. Олар шаруаларды діни уағызбен бақылауда ұстамақ. Шын мәнінде бұнысы қорқынышты жасыратын бетперде ғана.


Д.: Неге дін қорқуы керек?



Л.: Білмеймін. Олардың Құдайы соншалықты жақсы емес шығар. Егер ол жақсы болса, олар неге қорқады?


Д.: Діндарлар қорқады дегің келіп тұр ма?

Л.: Иә, олардың жүйесі бар. Корольдік сияқты. Атауы әр түрлі болғанмен, жүйе біркелкі. Ең бастысы шаруаларды ырықтап ұстау. Жоғары лауазымды адамдарға кішкентай адамдардың бағынуы. Олар тек біздің Құдай бар деп ойлайды. Басқасы жамандық дейді. Олардың айтқанымен жүрсең ғана жақсы боласың. Олардың айтқанына көнбесең, ғасырлар бойы қарғысқа ұшырамақсың. Бұлары дұрыс емес. Жол деген сан тараулы. Бұл мен үшін жаңа сөз болды. «Жол». Бір түрлі сөз, иә?


Д.: Бір түрлі сөз. Сеніңше, оның мағынасы не?

Л.: Бұл соқпақ не өткел дегенді білдіреді. Өте қызық сөз. Жол.


Д.: Иә, олардың діні жалғыз дұрыс жол дегенін теріс деп ойлайсың ба?

Л.: Оған сенімдімін. Оларға сенсек, ең иманды, ең парасатты тек солар ғана. Солай болуы тиіс екен. Бірақ бұл әр адамға өзін тануға мүмкіндік бермейді. Олар адам санасы шектеулі деп үйретеді. Адам тек нұсқау бойынша өмір сүруі тиіс, басқаша емес. Бұл өте жаман. Адамның өз бетінше ойлануын шектейді. (Күрсінді). Бірақ қазір сондай заман. Барлық жерде солай. Римде ғана емес. Тек дін бұлай үйретпейді. Саясат та солай. Адамға өз бетінше ойлануға мұрша бермейді. Нені ойлау керек, қалай істеу керек екенін айтып отырады. Дүниежүзінде неге бәрі осынша ұқсас екеніне таң қалдым. Адамдардың дәстүрі сан қилы, кей дүниені басқаша жасайды, бірақ принцип сол. Бәрінің қорқынышы бір. Әр түрлі заттан қорықса да, бәрібір үрейдің құшағында. Сол қорқыныш дүниені тануға көлеңкесін түсіріп тұрады. Содан да қатып қалған ережемен өмір сүреді. Жазаланып қалармын деп қорқады.

Д.: Бәрі таныс жерде қала бергенім дұрыс деп ойлайды ғой. Сөйтсе ғана өмір қауіпсіз деп ойлайды.

Л.: Рас. Біреу таспен атып өлтірмейді, дарға асып кетпейді, жәшікке сап өлтірмейді.


Д.: Жәшікке сап деймісің? Бұның тағы не?

Л.: Олардың ағаш жәшіктері бар. Адамды соған отырғызады да, бірнеше күн ассыз, сусыз ұстайды. Кейде адамдар өліп кетеді.


Д.: Басқа нәрсеге сенгендерді солай ұстай ма?

Л.: Иә, яки күмәні барларды. Сол жәшікке отырғызуға лайық жаман адамдар болады. Кісі тонаған, адам өлтірген, басқа да жамандық жасаушылар. Ал адамды басқа сенімі үшін жәшікке отырғызу өте әділетсіз. Онысы кімге зиян тигізуі мүмкін? Бұл тек жақсылыққа бастамай ма?


Д.: Саяхат кезінде адамның денсаулығы туралы не білдің?

Л.: Кей жердің тұрғындарының денсаулығы өте жақсы. Әсіресе, табиғат аясында, фермада өмір сүрсе. Қалалықтардың денсаулығы нашар. Қала лас, ауруы көп. Адамдар ұзақ өмір сүрмейді, өлім-жітім көп.