Файл: Долорес Кэннон. Мы лшемді алам. Том Мскеу. Стигмарион баспасы, 2014 352 бет.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 08.02.2024

Просмотров: 143

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.



Д.: Л науқастарға көмектесетін дәрігерлер жоқ па?

Д.: Иә, бірақ олардан жақсылық күту бекер. Меніңше, олар мүлде көмектеспейді.


Д.: Саяхатта жолың болыпты. Бір жерің ауырған ба еді?

Л.: Бірнеше рет ауырдым. Қалалықтардың дені қырыққа келгенде өледі. Қала үшін мұндай адам кәрі. Менің жасым елуде, адамдар денімнің саулығына қарап таң қалады. Шашыма аздап ақ түсті. Бірақ денсаулығым мықты.


Д.: Сонда сен кәрі адамға жатасың ба?

Л.: Өте-мөте кәрі адаммын.


Д.: Бірақ сен өзің жүріп-тұра аласың, саяхаттай аласың ғой?

Л.: Иә, қимылым әлі де ширақ. Мініс атым да жоқ. Өзімнен басқаға жауапкершілік алғым келмейді. Алайда кей адам маған қамқор болып, мен үшін жауапкершілік алып жатады.

Д.: Егер атың болғанда саяхаттау жылдам болар еді ғой.

Л.: Атқа жем-шөп берем деп, қайда қоямын деп алаңдамаймын. Қалағанымша жылдам жүре алам, қалаған жерімде қап кете аламын. Кейде жол-жөнекей ала кететіндер болады. Өте сирек.


Д.: Дегенмен кемемен жүзесің ғой?

Л.: Анда-санда. Желкені көп үлкен кемеге мінгенмін. Кішкене қайықтармен де жүздім. Кім ала кетуге келіссе, соған байланысты.


Д.: Ақша туралы алаңдамайтын секілдісің?

Л.: Жоқ. Бұл да бір керемет емес пе? Ақшасыз ұзақ саяхаттай алатыныма үмітім аз еді. Таң қалам.


Д.: Жолға артық-ауыс киім алып шыққан ба едің?

Л.: Жоқ. Киімім тозғанда әлдекім киім беріп кетеді. Жолдан біреу тамақтандырады. Таянатын таяғым бар. Аса таяқ секілді. Тауға шығып, түсуге көмектеседі. Ол менің жан досыма айналды.



Д.: Өз біліміңді беріп кететін жас шәкіртті табамын деп ойлайсың ба?

Л.: Жасым ұлғайған сайын уайымдай бастадым. Бұрын ол туралы алаңдамайтын едім. Уақыты келгенде табамын деп ойлайтынмын. Қартайған сайын дер кезінде тауып үлгерер ме екенмін деген ой мазалайды. Оған көп нәрсе айтуым керек. Мендегі білімді бір күнде, бір аптада айтып бере салмайсың. Оны айтып тауысу үшін кәдімгідей уақыт қажет. Денсаулығым сыр бергенше үйрете беруге тиіспін. Қазір мені осы нәрсе алаңдатады. Маған ештеңеге алаңдама деген. Бәрін шешеміз деген. Солай шығар. Өзімді кәрі адам сезінбеймін. Тек сондайсың деп айтқанда ғана есіме түседі.


Д.: Тәннің қартайғанын сезбегенің ғой?

Л.: Жоқ. Мені көргендер ғана кәрісің дейді.


Д.: Испанияға барасың ба?

Л.: Иә, мен онда әлі болмадым. Ол жер өте әдемі екенін естігенмін, барып өз көзіммен көргім келеді. Мен Испанияның шығысы, батысы, солтүстігінде болдым. Оңтүстігіне бармадым. Бәлкім, осы жолы барармын. Жолға шығарда оянғанда қайда баратынымды біліп оянамын. Қайда бару қажетін маған айтып ескертеді — шығысқа, солтүстік-шығысқа әлде басқа жаққа. Қай жолмен жүруге тиіс екенімді де айтады. Мен солай жүрем.

Д.: Артық сұрақ қоймайсың ба? (Жоқ). Түсінікті. Бұл жерден кетейік. Испанияға жететін мезгілге барғаныңды қалаймын. Маған сол сапарыңды айтып берші. Кемемен жеттің бе?

Л.: Иә, бұл жолы үлкен кемеге міндім. Кеменің капитанын тавернадан жолықтырып қалдым. Ол жаны ашып, мені өзімен бірге ала кетті. Мен оның каютасын паналадым. Өте әдемі каюта. Діңгегі көп үлкен кеме.


Д.: Испания туралы ойың қандай?

Л.: Мұнда адам көп емес. Ауа-райы жылы. Жақсы өзгеріс. Күн сүйегімді жылытып жатыр. Ливерпульде күн суық еді, ауасы ылғал болды. Күн көзі тәніме балдай жақты. Ауасы тап-таза. Самал есіп тұр. Испания туралы естігенімнің бәрі рас екен.


Д.: Мұнда біраз уақыт боласың ба?

Л.: Мүмкін. Осы адамдардың арасында қала тұрғым келеді. Олардың өмір туралы не ойлайтынын білгім келеді. Олар аса қонақжай екен. Үрейі жоқ сияқты. Ақжарқын. Дәстүрге қатты байланбаған. Бұрын көрген адамдарыма қарағанда ойлары еркін екен.


Д.: Бәлкім, шәкіртіңді табарсың?

Л.: Олай ойламаймын. Менің шәкіртім бұл жақтан тым алыста сияқты. Мен оны білемін. Мен оны емес, ол мені тауып алатын сияқты. Испанияда біраз уақытқа қала тұрамын. Бәлкім, олар оны маған жіберер. Бұл жердің ауасы керемет. Керемет өзгеріс. Мен осында тыныстай тұрғым келеді.


Д.: Бірақ ерте ме, кеш пе, шәкіртіңді табатыныңа сенесің бе?



Л.: Маған солай деген, сенбеске амалым жоқ.

Д.: Сен бұған бүкіл өміріңді арнадың. Егер сенсең, онда ақиқаты сол шығар.

Л.: Иә. Көп жыл бұрын бұл сабақты жаттап алғанмын. Сенім сабағы.

Д.: Яғни, болуға тиіс дүние түбі болады. Сен оны табасың. (Иә). Жақсы. Сен тамаша жерге келген сияқтысың. Біраз тыныстап ал.

Мен Линданың есін жиғыздым. Бартоломьюді өз әлемінде қалдырдым. Саяхатымызды келесі жолы жалғастыратынымды білдім.
2 ТАРАУ

САБАҚ БАСТАЛДЫ

Бірінші сеанстан соң бірнеше сағатқа үзіліс жасадық. Арасында түскі ас ішіп, демалып алдық. Түстен кейін сағат екілерде сеансты қайта жалғадық. Линдаға кодтау сөзді айтып, оны өткен өміріне оралттым. Бартоломьюдың өткен өмірі жайлы біраз ақпарат жинадым. Басқа ақпарат жинағым келді. Бартоломью өз шәкіртіне нендей білім қалдыруы тиістігі қатты қызықтырды. Мен оны ғарыш кемесіне қайтарып, әңгімемізді сол жерден бастамақшы болдым.

Д.: Бартоломью басқа жаққа кетіп бара жатқан жерге орал. Мен үшке дейін санаймын, сосын сол жерге ораламыз. Бір, екі, үш. Міне, біз қайтадан сол жердеміз. Сен өз жатын бөлмеңді тастап қазіргі тылсым жерге тап болдың. Сыртта түсініксіз заттар ұшып жүр. Сен не істеп жатсың? Не көріп тұрсың? Маған айтып берші.

Л.: Мен жалғызбын. (Дауысынан үрей сезілді). Орындыққа жайғасып, Ғаламға қарап отырмын. Қасымнан жұлдыздар мен ғаламшарлар ұшып бара жатқанын көріп отырмын. Мені оятып, саяхатқа шығу керек деді. Келіскен соң маған осы киімді кигізді. Сосын мені жарық сәуле жұтып қойды, мен осы орындыққа кеп отырдым.

Д.: Қазір есейдім деп едің.

Л.: Мен өте кәрімін. Жасым алпысқа таяу. Өте, өте кәрімін.


Д.: Әлі шәкірт іздеп жүрсің бе?

Л.: Иә, іздеп жүргем. Бұл өмірдегі мақсатыма жетпедім деп ойлап едім. Дер кезінде маған жұмбақтың шешуін берер деп күттім. Алайда қартайған сайын күмәнім ұлғайып, қорқа бастадым.


Д.: Жер бетіндегі саяхат кезінде өз біліміңді сеніп тапсыратын адамды жолықтырмадың ба?

Л.: Жоқ, жолықтырмадым. Шығыс мәдениеті әлдеқайда терең, ашық, әсерлі болар деп ойлаған едім. Бірақ олар да дәстүр мен сенімге байланған. Көңілім қатты қалды. Сол сәтте күдігім артты. Түнде ғана маған бұл саяхат ең соңғысы деп айтты. Мен жұмбақтың соңғы бөлігін табамын – жоқ іздеуді доғарамын.


Д.: Л қандай соңғы бөлігі?

Л.: Жұмбақтың соңғы бөлігі — маған ұқсайтын адамды табу, мен сияқты өзі сене алмайтын идеяларға жүрегін аша алатын жан. Мендегі білімді қорқыныштан, жалған сенімнен, теріс түсініктен ада күйде зерттеуге дайын адам. Мұны болуға тиіс дүние деп қабылдап, мейлінше зерттей алатын адам. Мен тек білгеніммен бөлісуім қажет. Сол ғана.



Д.: Олар сені шәкіртіңе апара жатыр ма?

Л.: Олар мені жаңа мекенге апара жатыр. Оны «колония» деп атайды екен. Олар онда ақиқат мүлде бүлінбейді деп үміттенеді. Бұл адамдардың жүрегі таза, санасы сау. Мен олардың ұстазы боламын. Жылдар бойы жинаған білімімді соларға үйретемін. Олар білім сақтаушыға айналады. Жүрегі таза болғандықтан білімге зиянын тигізбейді. Олар әмбебап ақиқат туралы білімді жасырмайды, өзгертпейді.


Д.: Дәл сол жерден шәкіртіңді табасың ба?

Л.: Иә. Сосын уақыты келгенде оны ағартушы ретінде Жерге жібереді. Оған дейін ол осында қалып, өзгелермен бірге өмір сүреді. Басқалары да уақыты туғанда әр түрлі жаққа жұмсалады.

Д.: Неге бұл білімді Жер бетіндегі біреуге бермедің? Сен солай істеймін деп ойлап едің ғой.

Л.: Себебі, Жерден жүрегі таза адам табылмады. Бұл білімді сақтау үшін, зиянын тигізбеу үшін, өзгертпеу үшін жүрегі таза адам қажет. Қазіргі таңда Жер лайықты даму деңгейге жетпеді. Адамзат әлі де дайын емес. Бұл білімді адамзат игілігіне жарату үшін адамдар әлі көп дүниені үйренуі тиіс. Әйтпесе, бұл білімді теріс бағытта қолданып, Жерді жойып жіберуі де ықтимал.

Д.: Яғни, бұл білім Жер бетіне осындай жолмен қайтатын болып тұр ғой.

Л.: Солай. Менің шәкіртім осындағы «колонияда» өмір сүреді. Бұл мекенде уақыт та, кеңістік те жоқ. Мұндағы адамдар қартаймайды, өзгермейді. Мұнда бәрі қалай бар, сол күйде қала береді. Мен жұмысым біткен кезде бұл мекенді тастап кетемін. Тыныға алатын жерге кетемін. Мен мұнда да қалмаймын, бірақ Жерге де оралмаймын.


Д.: Сен өзіңді кәрімін деп есептейсің. Сен бара жатқан мекенде жастың мәні бар ма?

Л.: Жоқ. Бірақ мен бұл «колонияда» қала алмаймын. Мұндағыларға қарағанда менің жаным бөлек. Менің жаным мұнда ұзақ тұра алмайды. Тынысым тарылады. Жұмысым біткен кезде мен біраз уақыт тынығып алғым келеді. Мен Ғаламға баруым керек.


Д.: Бұл адамдарға біліміңді берген соң осы тәніңмен Жер бетіне қайтпайсың ба?

Л.: Жоқ, мен Жерге бірнеше ұрпақ ауысқан соң қайтамын. Мен Ғаламға тынығуға қайтамын. Кейін келемін, бірақ басқа тәнмен келем.

Оның жауабына қарасам, ол рухтар әлеміне қайтатын сияқты, мәңгі тыныштыққа қайтып, сонда біраз аялдап, сосын басқа тәнге ауысып, Жерге қайтып келетіндей. Мәңгі тыныштық туралы мен «Өлім мен өмір арасында» деген кітабымды жазған едім. Бірақ шынында сол туралы айтып тұр ма, әлде басқа нәрсені меңзеп тұр ма, айыра алмадым. Ол өлім туралы ештеңе демеді ғой. Оның сөзіне қарасам, ол әлі де өз тәнінде. Өлген адам тәнін тастап шығатынын бәріміз білеміз ғой.



Д.: Түсінуге тырысып жатырмын, сен әлі де өз тәніңдесің бе? Ол бөлмедегі орындықта отыр ма?

Л.: Иә, мен өз тәнімдемін. Бұған не болады деп ешқашан сұрамаппын. Шамасы, сұрауым керек. Мен үшін ол ешқашан маңызды болмапты.

Д.: Түсінікті. Сен отырған көлік, машина барар жеріне жеткен тұсқа жетейікші. Ауысайықшы. «Колонияға» келе жатырмын дедің. Сол мекенге жеткен уақытқа келейік. Не болып жатыр? Жеттің бе?

Л.: Бұл өте жарық жер екен. Мен орындықта отырмын. Кенет жарық сәуле мені жұтып қойды. Ол бөлменің төбесінен түсті. Цилиндр пішінді, мен тура ортасында тұрмын. Әп-сәтте өзге жандардың қасына түстім. Мен енді бөлмеде емеспін. Жарық сәуле мені осы тіршік иелеріне жеткізді. Олардың бәрі мені көргендеріне қуанып жатыр. Бұл тіршілік иелері жарықтан тұратын сияқты. Әр түрлі көрінгенмен, бір біріне ұқсайды. Өте жарық жандар.


Д.: Тән тұрғысында ерекшелігі бар ма?

Л.: Иә, олар өте жарық. Жарқырағандары сонша, көзім қарығып, денелерін анық көре алмай тұрмын. Беттеріне қарайын десем, көзім дым көрмей қап жатыр. Күнге қарағандайсың. Маған жымиғандарын сеземін. Шамасы, олардың аузы бар.


Д.: Әлі де өз тәніңдесің бе? (Өзіне өзі сенімсіз сияқты үндемей қалды). Қалың қалай?

Л.: Жеп-жеңілмін, ауада ұшып жүрмін, салмағым жоқ, маған ешбір күштер әсер етпейтіндей. Мен еркінмін. Тәнім бар деп ойламаймын. Бұл жай ғана менмін.


Д.: Сеніңше жаңағы тіршілік иелері материалды тіршілік иелері ме?

Л.: (Үнсіздік) Мүмкін. Бірақ, меніңше, олар таза энергиядан тұратын секілді. Мен оларды көріп тұрмын. Бірақ тәні бар деп ойламаймын.

Ол мұны зор ықыласпен, таң қалып айтты. Өзі мүлде дайын емес қызық әрі тылсым әлденені түсінгісі келіп тұрғандай.

Л.: Тіршіліктің басқа деңгейіне өткен сияқтымын. Менің саяхатым материалды әлемнен басталған, бірақ мен қазір тән өлшемінен шығып, қайда түскенімді білмей тұрмын. Алайда кез келген сәтте бұл жерден кетіп, әлгіндегі бөлмеге бара аламын.

Д.: Сол бөлмеде тәнің қап кетті деп ойлайсың ба? (Иә). Алдағы тіршілік иелеріне біліміңді үйретпекші едің ғой? Солай ма? (Иә). Бірден сенен біліміңді маған үйрете аласың ба деп сұраған едім. Сен рұқсат сұрауым қажет дегенсің. Не айтасың?

Маған бұл білімді үйренуге мүмкіндік берер деп үміттеніп едім. Өте ынталы едім. Бірақ шешім қабылдайтын күштер маған тәуелді емес. Олар туралы мен дым білмедім.

Л.: Досымнан сұрағанмын. Сабақ өткен кезімді тыңдауыңа болады деді.

Мен естен тана қуандым.

Д.: Тыңдауға рұқсат берсе, бұл тамаша болар еді.