Файл: С. Ж. Асфендияров атындаЫ аза лтты медицина университеті б. А. Рамазанованы жне . дайбергенлыны редакциялауымен шыарылан медициналы микробиология.doc
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 19.03.2024
Просмотров: 293
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Әдетте экологиялық факторлар адамдардың табиғи резервуармен немесе инфекция иесімен жанасуды күшейту арқылы жұқпалы аурулардың пайда болуын жылдамдатады. Белгілі аумақта тұратын және өндірістің белгілі бір түрімен шұғылданатын адамдардың арасында жұқпалы аурулар таралуында әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлардың маңызы бар. Мысалы,кәсіби ерекшеліктеріне байланысты, жұмысы малмен байланысты ауылдық жердің тұрғындары зоонозды инфекциялармен (сауыншылар, ветеринарлар, аңшылар, ет комбинатының жұмыскерлері т.б.) жиірек ауырады. Өндірістік факторлардың рөлін бірқатар жұқпалы аурулардың бейнелеу аттарынан көруге болады:күйдіргі – «қоқыс жинаушылар ауруы», туберкулез – «пролетариат ауруы» немесе «ішке ағылған кедейшілік көз жасы», іш сүзегі – «коммуналшылар ауруы» ж.т.б.
Жұқпалы аурулардың таралуында өмірдің тұрмыстық-материалдық жағдайы, қоғамның даму деңгейі, оның санитариялық мәдениеті, діни және ұлттық дәстүрлер, қоғамдағы саяси және экономикалық жағдайлар т.б. маңызды рөл атқарады. Мысалы, дамып келе жатқан тропикалық елдердің бірқатарында жаңа туылған нәрестенің кіндігін кескенде оны өңдеу үшін қи, топырақ, батпақ, құстың нәжісін, әр түрлі субстраттардан және өнімдерден, азық-түліктерден дайындалған ұнтақтарды жағу дәстүрі бар. Аталғандардың құрамында көбінесе C.tetani-дің споралары болатындықтан нәрестелерде сіреспе ауруының дамуына жағдай жасалады. Въетнамда оба ауруының фарингеальді түрі кездеседі, ол бойы аласа въетнамдықтардың арасында бір-бірінің шашындағы, оба қоздырғышын тасымалдаушы болып табылатын бүргелерді тісімен жинап, жаншып тастайтын дәстүрге байланысты. Бірқатар елдерде ұлттық және діни дәстүрлерге байланысты кейбір тағамдық өнімдерді пайдалануға шектеу қойылған, ол онсыз да құнсыз тағамдық рационның нашарлануына әкеліп, макроорганизмнің жағдайына қолайсыз әсер етеді. Ұлттық ерекшеліктері мен дәстүрлеріне байланысты ботулизм ауруының жұғу көздері әр жерде әр түрлі: АҚШ-та - өсімдіктерден дайындалған консервілер, Еуропа елдерінде – ет консервілері, Ресейде – балық және балықтан дайындалған консервілер.
Әлеуметтік жағдайлар арқылы табиғи факторлардың жұқпалы аурулардың таралуына әсер ете алатыны туралы мысал ретінде кенелі-энцефалитпен нау-қастанушылықтың көктем-жаз кезіндегі маусымдық көтерілуін келтіруге болады. Бұл кездегі қоршаған ортаның қолайлы температурасы кенелі энцефалит вирусының резервуары әрі жұқтырушысы болып табылатын кенелердің белсенділігін арттырады. Климат жағдайы өзгергенде адамдар маусымдық жұмыспен айналысады, яғни олар саңырауқұлақтар, жеміс-жидектер, шөп т.б. жинайды, аңшылық және балық аулаумен шұғылданады, ол өз кезегінде кенелермен жанасу мүмкіндігін арттырады да вирустың трансмиссивті механизммен берілуін күшейтіп, кенелі энцефалитпен науқастанушылықты көбейтеді. Жаңа оқу жылы басталғаннан кейін оқушылар арасында ауалы-тамшылы инфекциялармен науқастанушылықтың өсуі, әлеуметтік факторлардың әсер етуінің басқа мысалы ретінде келтіруге болады. Мектептердегі сабақ басталу балалар ұжымының жаңаруына және араласуына, иммунсыз балалардың көбеюіне, жабық ғимараттарда көптеген адамдардың шоғырлануына әкеледі және микробтар сырттан енгенде инфекцияның ауалы-тамшылы механизммен берілуін күшейтеді.
Жұқпалы аурулардың жаңадан пайда болуына және бұрынғылардың күшеюіне өндіріс технологиялысының өзгеруі (әсіресе тағамдық өнімдердің); ауылшаруашылық және үй жануарларын өсіру технологиясы; халықаралық туризмнің және сауда-саттықтың дамуы; адамдардың мінез-құлқының өзгеруі т.б. сияқты әлеуметтік факторлар әсер етеді.
Индустриальды дамыған елдерде ересек тұрғындардың шамамен 50%-ы Эпштейн-Барр вирусымен алғашқы рет балалық немесе жасөспірімдік шағында инфицирленеді. Бұл вирусқа қарсы антиденелердің көтерілу шыңы – балаларда , екінші шыңы – жасөспірімдерде байқалады, ол олардың әлеуметтік және жыныстық белсенділігінің артуымен байланысты. Жұқпалы мононуклеоздың максимальды жиілігі қыздарда 14-16 жаста, ал ер балаларда 16-18 жаста тіркеледі, жасөспірімдік жас кезеңінің соңында көпшілігі серо-оң нәтижелі болады.
Жұқпалы аурулардың бірінші кезекте әлеуметтік аурулар (қоғамның әлеуметтік мәселесі) екенін есте сақтау керек. Мұндай аурулардың көбеюі қоғамдағы экономикалық қолайсыздықты, оның экономикасының дамуы әлсіз екенін көрсетеді. Туберкулез және алапес, трахома және мерез, протозойлық инвазиялар және ішек инфекциялары классикалық әлеуметтік аурулар болып табылады. Саяси және экономикалық тұрақсыздық кезінде, оған табиғи катаклизм қосылғанда әлеуметтік факторлардың әсері өте ерекше бйқалады. Ұлттық зардап шегу, соғыс қимылдары адамдарды едәуір өлімге әкеледі, табиғи және экономикалық ресурстары жойылады, өмірлеріне қауіп төнуіне байланысты тұрғындардың бақылаусыз миграциясы басталады, материалдық және санитариялық-тұрмыстық жағдайлары нашарлайды. Осының барлығы тиімді емдеу-профилактикалық шараларды уақтылы жүргізуге кедергі жасайды, өйткені медициналық міндеттермен қатар көптеген басқа маңызды экономикалық мәселелерді шешуге тура келеді. Егер де қоғам үшін әрбір адамның өмірі ең басты рухани және материалдық құндылық болып табылғанда ғана жағдай түпкілікті өзгере алады.
7.5. Жұқпалы аурулар сипатының ерекшеліктері.
Жұқпалы ауру өздігінше түрлік, ал кейде типтік тұрғыдан жекеленген қоздырғыштармен туындалған спецификалық жұқпалылық жағдай. Макроорганизмге патогенді микробтардың немесе олардың токсинінің енуі (макроорганизмнің жасушалары және тіндерімен өзара әрекеттеседі) жұқпалы аурулардың пайда болуына тікелей себепкер болады. Жұқпалы аурулардың қоздырғыштары патогенді бактериялар, вирустар және саңырауқұлақтар болып табылады. Қарапайымдылар, гельминттер және жәндіктер қоздыратын аурулар
инвазиялық немесе паразиттік ауруларға жатады.
Басқа ауруларға қарағанда жұқпалы аурулардың бірқатар ерекшеліктері бар.
1. Жұқпалы аурулар нозологиялық спецификалығымен сипатталады, яғни әрбір патогенді микроб тек қана «өзіне тән» жұқпалы ауруды қоздырады және белгілі ағзалар мен тіндерде шоғырланады. Бұл нозологиялық- спецификалық шартты-патогенді микробтарда болмайды.
Этиологиялық принцип бойынша жұқпалы аурулар бөлінеді:
а) бактериоздар ( бактериялық инфекциялар)
б) вирусты инфекциялар;
в) микоздар;
г) микотоксикоздар.
Инвазиялық немесе паразитарлық аурулар бөлінеді:
а) протозооздар ( протозойлық инвазиялар)
б) гельминтоздар
в) инфестациялар ( буынаяқтылар қоздыратын аурулар)
2. Жұқпалы аурулар контагиоздылығымен сипатталады (син. инфекциондылығы, жұқпалылығы). Бұл, ең алдымен, жұқпалы аурулар. Қоздырғыштардың ауырған адамнан ауырмағандарға жеңіл берілуін, тізбекшелі немесе веертәріздес реакциялардың көмегімен қабылдаушы популяция арасында микробтардың жылдам таралуын контагиоздық (лат.сontaggiosis- жұқпалы, жұққыш) деп түсіну керек.
Жұқпалы аурулар үшін жұқпалылық кезең болуы тән, ол қоздырғыштың науқасты қабылдаушы макроорганизмге тікелей немесе жанама жолмен, соның ішінде буынаяқтылар арқылы тарала алатын кезең уақыты. Бұл кезеңнің ұзақтығы мен сипаты нақты осы ауру үшін спецификалығы оның патогенезі мен микробтың макроорганизмнен сыртқа шығарылуының ерекшеліктерімен байланысты. Бұл кезең ауырған уақыттың барлығын қамтуы немесе індеттің кейбір кезеңдерімен шектелуі мүмкін, эпидемиологиялық тұрғыдан оны білудің маңызы зор.
Жұқпалылық дәрежесін сапалы бағалау үшін контагиоздық индекс қолданылады, ол тиісті уақыт аралығында инфекция жұқтыру қауіпі төнгендердің арасындағы ауырған адамдардың пайыздық көрсеткіші. Контагиоздық индекс микробтың вируленттілігі; ие организмінен микробтың сытрқа шығып тұратын уақыт аралығының ұзақтығы және интенсивтілігі; дозасы және таралу тәсілі; сыртқы ортада микробтың тіршілік сақтау қабілеттілігі; макроорганизмнің қабылдаушылық дәрежесі сияқты ауыспалы өлшем шамаларымен байланысты. Контагиоздық дәреже бірдей емес. Мысалы, қызылша жоғарғы контагиозды ауруға жатады, өйткені қызылшаға қарсы иммунитеті жоқ балалардың 100% -ға дейінгісі науқаспен жанасқанда ауруға шалдығады (контагиоздық индексі 0,35-0,40).
3. Жұқпалы ауруларға кезеңмен өту тән, ол ауру патогенезіне қарай бірінен-бірі ауысып отыратын кезеңдердің болуы. Кезеңдердің ұзақтығы микробтың қасиетімен және макроорганизмнің резистенттігімен, иммуногенез ерекшеліктерімен де байланысты. Тіптен бір аурудың өзінде осы кезеңдердің ұзақтығы науқастардың әрқайсысында әр түрлі болуы мүмкін.
Жұқпалы аурулар дамуының мынадай кезеңдері ажыратылады: жасырын (инкубациялық); күмәнді (мазасыздану, продромальді); ауру қозу ( клиникалық айқын, негізгі белгілерінің көрінуі); алғашқы айығу (ауру симптомдарының төмендей бастауы); айығу (реконвалесценциялық) кезеңдер.
Макроорганизмге микробтардың енген (жұққан) сәтінен бастап, алғашқы ауырсыну белгілері пайда болғанға дейінгі уақыт аралығын инкубациялық, яғни жасырын кезең дейді (лат.incubo- тыныштық немесе incubatio- сыртқы белгілерсіз, жасырын). Жасырын кезең барысында қоздырғыштың микроорганизмнің ішкі ортасына бейімделуі және организмнің қорғаныс механизмдерін жеңіп өту жүреді. Бейімделумен қатар микробтардың макроорганизмде көбеюі және жинақталуы, зақымдану дәрежесі ең жоғарғы тиісті ағзалар мен тіндерге (органдық және тіндік тропизм) қарай бару және сол жерлерде макроорганизм жағынан қорғаныс күштерін жұмылдыру басталады. Бұл кезеңде ауру белгілері жоқ, дегенмен арнайы зерттеу тәсілдерімен морфологиялық сипатының өзгерістерін, зат алмасу және иммунологиялық ығысуларды, микробтардың және олардың антигендерінің қан айналымында болуын анықтай отырып, патологиялық процестің басталу көріністерін анықтауға болады. Инкубациялық кезеңнің соңында, сыртқы ортаға микроб шығара алатындықтан, макроорганизм эпидемиологиялық қауіп төндіре алады. Инкубациялық кезеңнің тиісті мерзім ұзақтылығы (ұзаруы немесе қысқаруы) болады. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы кейбір жұқпалы ауруларда бірнеше сағатқа (тұмау, грипп), ал басқаларында бірнеше аптаға немесе айларға (гепатит “в”, құтыру, баяу өтетін вирусты инфекциялар, алапес т.б.) созылады. Жұқпалы аурулардың көбісінде инкубациялық кезеңнің ұзақтығы бір-үш аптаға созылады. Продромальді (бастапқы, күмәнді) кезең ( грек prodromos-алғашқы хабар) макрорганизмнің интоксикациялануының нәтижесінде аурудың жалпы сипатты ең алғашқы клиникалық симптомдарының (мазасыздану, температураның көтерілуі, бас аурыуы, лоқсу және т.б.) байқалуынан басталады. Бұл кезеңде дәл диагноз қоюға мүмкіндік беретіндей тиісті специкалық клиникалық симптомдар жоқ. Инфекция енген жерде қабыну ошағы пайда болады-біріншілік аффект. Егерде бұл процеске аумақтық лимфотүйіндері қамтылса, онда біріншілік кешен (комплекс) туралы сөз болады. Продромальді яғни мазасыздану кезеңі жұқпалы аурулардың барлығында байқалады. Әдетте, орта есеппен 1-2 тәулікке созылады, бірақ бірнеше сағатқа дейін қысқаруы немесе 5-10 күнге дейін ұзаруы мүмкін. Мазасыздану (күмәнді) кезең,