Файл: Долорес Кэннон. Мы лшемді алам. Том Мскеу. Стигмарион баспасы, 2014 352 бет.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 08.02.2024

Просмотров: 175

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Д.: Бірақ ол ақпарат тез тасымалданып жатқан секілді.

К.: Иә. Жарықтың жылдамдығынан тез. Жинауға тым көп уақыт, тым көп өмір кеткенмен, тасымалдау жылдам. Ол менің жүйемнен шығып жетер жеріне тым жылдам ағып барады. Себебі, мұнда бәрі осы сәтте мүмкін. Бәрі қазір болып жатыр.


Д.: Ақпараттарды осы тіршілік иелері қорғайтындықтан ол қауіпсіз жерде деп санала ма?

К.: Ақпарат осы тіршілік иелерінің миында және осында не бар соның бәрінде бар. Жартастарда, ғимараттарда. Бәрі де ақпаратты сіңіріп қояды. Бәрі де компьютерлік мағлұмат банкі сияқты. Бәрі де сол білімге айналады. Бәрі менің әкелген ақпаратыма айналады.

Фил Үш Сүмбі ғаламшарына барғанда айтып еді, бұл жерден кез келген ақпаратты аласың, ақпарат ғаламшардың өн бойында сақтаулы деп. Бұл жайлы «Бау-бақша сақтаушылары» деген кітабымда айтылған еді.


Д.: Егер делік, мен бір ақпарат іздесем, оны қалай тауып алам?

К.: Арнаулы кілт бар. Ол өз жан-дүниеңе енуге рұқсат береді. Себебі, жан-дүниеңе үңілу сол білімнің кілті болмақ. Барлық ақпарат сақталатын жер сол болмақ. Кез келген өлшемнің, кез келген кеңістіктің әрбір жаратылысы кеп өз ықыласымен оған қол жеткізе алады.


Д.: Яғни, алдымен ақпарат алуға деген ықылас туғаны жөн ғой?

К.: Иә. Білім сүйіспеншілік арқылы келеді. Менің тіршілік иелерімен бірге жүрген осынау жерге келуіңіз шарт емес. Ақпаратты сұрасаңыз болғаны, сіз оны аласыз.

Д.: Сен өте маңызды тапсырма орындап жатқан сияқтысың.

К.: Менің тағдырым осы. Мен осы үшін жаратылғанмын.


Д.: Осы таза қуат иелерімен ұзаққа қаласың ба?

К.: Мәңгілікке.

Бұл мені таң қалдырды. Егер ол сонда қалса, мұнда мен сөйлесіп отырған, Голливудтағы төсегімде жатқан Клараның денесін қайтеміз? Оның бір жартысы анда, бір жартысы мұнда бола ала ма? Клиентіме зияным тиіп кетпесе деп үнемі шырылдаймын. Сондықтан бұл жауап менің есімді шығарды.


Д.: Менің айтпағым, олар ақпаратты толық алып болғанша жандарында қаласың ба?

К.: Жоқ. Мен келесі тапсырманы алып, басқа әлемге не дәуірге кеткенше осында қаламын. Бұл да Жерге ұқсас басқа әлем болуы ықтимал.

Д.: Мен қазір жердегі сөйлесіп отырған дене туралы, Клараның денесі туралы ойлап отырмын. Мен сөйлесіп отырған қуат осы денеге орала ма? Әлде ол қуаттан тыс өмір сүре ала ма? Не болып жатқанын түсінуге тырысып жатырмын.

К.: Екеуі бір нәрсе ғой.


Д.: Бірақ сен қуат сол жерде келесі тапсырмаға дейін қалады дедің ғой?

К.: Солай.


Д.: Бірақ ол Жердегі дененің бір бөлігі емес пе?


К.: Солай.


Д.: Бір мезетте екі жерде қалай қалмақ? Осыны қалай түсінсем болады?

К.: (Терең күрсінді). Ол мұны түсінбей жатыр.


Д.: Бізге түсіндіріп бере аласың ба?

К.: (Сенімді түрде). Оны онда адам денесінде өмір сүріп, ақпарат жинау үшін жұмсаған. Мен – оның ақпарат жинаған, сол ақпаратын осында, ресурс орталығына, осы кітапханаға жеткізген бір жартысымын. Ол ақпаратты жинап сонда қалады, мен ақпаратты жеткізіп осында қала алам. Осыны түсіну қиын деп тұр. Ол үшін қуат ыдырайтын сәт туады. Ол қай жерде тұрғанын анық білмейтін сәт.


Д.: Басқа адамдар да мұндайды бастан кеше ме?

К.: Иә. Осындайды бастан кешетіндер бар.

Д.: Бір сәтте екі жерде жүргендей сезімде болу.

К.: Иә, иә. Себебі, тура сондай тапсырмамен жұмсалған басқа да тіршілік иелері бар. Бір адамға күллі ақпаратты жинау дегеніңіз көтере алмас шоқпарды беліне байлаумен тең.

Д.: Меніңше, ол мүмкін болмас еді.

К.: Иә, иә. Сондықтан мұндай тіршілік иелері де көп. Басқа әлемдерге жұмсалатындары бар. Бұл сәтте мен осында, ал Клара – анда, сол пішінде қала береді. Ол осы тәнмен көбірек ақпарат жинайды деп сенем. Сосын оны өзінің бір жартысы боп тұрған маған береді. Мен ақпаратты осында жеткіземін.

Осының бәрін бірден түсіну қиын болды. Біз зерттеп жатқан оқиғаға оралуымыз керек деп шештім.

Д.: Ол Гавайда жүргенде, көлікпен келе жатқанда не болғанын түсіндіріп бере аласың ба? Оның денесі көлікте қап кетті ме? (Жауап жоқ). Біз оның көлікпен келе жатып әлгі кварталға тап болған сәтін зерттеп жатырмыз.

К.: Ол сол сәтте сол жерге тап болуы керек болған, Клара үшін квартал материалданды. Себебі, оның бір жартысы есебіндегі мен ақпаратты осында ресурс орталығына жеткізуім керек болды. Ақпарат осында беріліп жатқанда, өзін алып кеткен жерде қалмауы тиіс еді. Сондықтан оны өзіне таныс маңайға апарып тастады - Пеланониға, ол сол жақтан баратын жеріне жетті, ал бойындағы бір жартысы, яғни мен оның тәнін тастап шықтым.


Д.: Сеніңше, бұл оқиға сол Гавайдағы бір нақты орында өтуге тиіс болғаны ғой?

К.: Ол міндетті емес. Оның денесі өзін ыңғайлы сезінетін жер қажет болды. Ал ол бұл жерді өте әдемі деп санайтын. Сондықтан сол жерді соған арнап жасады. Ол мұнда өзін бүтіндей еркін сезінді. Сонда оның жартысы саналатын мен оның тәнінен шығып, ақпаратты беруге кеттім.


Д.: Сосын оның денесі бар көлік аралдың басқа шетіне жеткізілді ме?

К.: Солай. Ол басында дематериалданды, сосын басқа жерге жеткізіліп, қайтып материалданды.




Д.: Мұндай алмасу — қалыпты дүние ме?

К.: О, иә, иә.


Д.: Мұндай жағдай жиі болып тұра ма?

К.: Жиі болып тұрады.


Д.: Мұндай жағдай болғанда адам денесі дематериалданады, сосын қайтып материалдана ма? (Иә). Денесіне ештеңе болмайды ғой?

К.: Солай. Ол таза қуатқа айналып кетеді.

Д.: Ол бір жерден екінші жерге көлігімен қоса ауысып кетті.

К.: Иә.

Д.: Ол есін жиғанда аралдың басқа шетінен табылды. (Иә). Осы сәтке дейін ол не болғанын есіне түсіре алмады.

К.: Солай.


Д.: Бұл жағдай оның саналы өмірінде бірінші рет болып тұр ма?

К.: Мұндай жағдай көп рет болған. Бірақ бұл жолы ол өмірінің ненің қалай болғанын, не болғанын білуге дайын мезетте, жауап іздеген сәтінде еді. Басқа кездері ол мұны түсінуге дайын болмаған.


Д.: Бәлкім, басқа кездері есте қаларлық лайықты ештеңе болмаған шығар?

К.: Солай.

Д.: Бірақ бұл жолы таңғажайып әлдене болды да, ол болған жайтты ұмыта алмады.

К.: Солай.


Д.: Ол енді ақпаратты білсе бола ма?

К.: Иә. Ол бәрін түсіне алады. Мұның бәрі оған пайдалы болады.


Д.: Бұл өте маңызды. Мен онымен қайтып кездесе аламын ба, оның екінші жартысымен тілдесу үшін?

К.: О, әрине. Бізге тілдескен ұнайды. Тілдесу – бұл біздің жұмысымыз.

Д.: Басқалар маған ақпарат керек болса, білгім келген кез келген затты біле алатынымды айтушы еді.

К.: Солай. Сіздің қабілетіңіз ерекше, дарыныңыз да өзгеше. Сіз мыңдаған жыл бойы бүркемеленген, жасырылған құпия ақпараттың бәрін жинай аласыз. Қазір соның бәрін ашудың мезеті келді. Біздің сізбен тілдесуіміз де сіздің ұлы іспен айналысып жатқаныңыздың дәлелі. Жер ғаламшары ақпаратты тарату жиілігіне енді. Ақпарат өзгелер бәрін білуі үшін таралады. Әр адам дүниетанымның тереңіне үңіліп, өзі туралы көбірек, өткен өмір мен келешек туралы, Он сегіз мың ғаламда боп жатқан әр жайт туралы білуге қақылы. Сондықтан сізде ресурс орталығының бүкіл ақпаратын білетін мүмкіндік бар. Біз сізге сол мүмкіндікті беріп отырмыз.

Осыдан кейін мен тіршілік иесіне, яки оның екінші жартысына кетуі қажетін айттым, Клараның болмысы өзінің тәніне қайтуы керек екенін ескерттім. Бұл өзгерісті бірден сезуге болады, себебі тура сол сәтте клиент терең тыныстай бастайды. Мен Клараны уақытпен сәйкестендірдім де, оның толық есін жиғыздым.

Ол есін жиған соң мен қабылдау бөлмесіне хабарласып, Филды нөмірге шақырдым. Олар міндетті түрде кездесуі тиіс деп ойладым. Себебі, олардың тәжірибелері ұқсас еді. Филды Кларамен таныстырғанымда, ол сәл-пәл қобалжыды, өйткені менің клиенттерімнің анонимді қалуын қадағалайтынымды білетін. Бірақ дәл қазір не болғанын айтқанымда, екеуі де елегізіп қалды. Бір-бірін бірінші рет көрсе де, араларында жіпсіз байланған байланыс барын сезген жандардай. Олар бір-біріне үшкір ғимараттары бар ғаламшардағы естеліктерін айтып жарысты. Олар өте көңілді, сезімтал көрінді. Үшеуміз де олардың аз ғана уақытқа «туған үйлеріне» барып қайтқанын біліп тұрдық. Сезімдері шалқып тұрды. Бұл кітапта «туған үйі» Жерден алыс, бөтен ғаламшар екенін айтатын клиенттерге сеанстар жасалады. (2 том, 2 тарауды қараңыз).


Соңғы бірнеше жыл, 2000 және 2001 жылы тағы бірнеше оқиғаға тап болдым. Онда да адам бір сәтте екіге жарылып, екі жақта бірдей бар болады немесе өзіне басқа көзбен қарайды. Осындай бір оқиға кезінде әйел өткен өміріне қайтып барудың орнына ұстаздар, шеберлер мен абыздар жиналып отырған рухани әлемге тап болады. Ол өзінің бір жартысы үнемі сол жақта болғанын мойындады. Оның міндеті Жердегі өз өмірін бақылау болған. Сосын бейсана деңгейінде өзіне кеңес беріп отыру. Осы кітапты басуға жіберейін деп тұрғанымда, 2001 жылы тағы бір оқиға бола қалды. Әлде осындай жағдайларды сырттай бақылап тұратындар бұл ақпаратты жариялайтын мезет жетті деген болар. Менің клиентім өткен өміріне көшіп, онда ежелгі Грек жерінде ер адам болғанын көреді. Бірақ ол туған үйі емес, жай ғана сырттай тыңдап, бақылаушы боп жүреді. Оның қайдан келгенін білу үшін оны одан да артқа көшірдім, ол бір тас қараңғы ғаламшарға жетті. Сұр ғаламшар, аздаған ғимараттары бар, мүлде өсімдігі жоқ. Көзге көрінетін сипаттың тең жартысы жердің астында қалғандай. Ол түсініксіз тәнге түседі. Денесі жартылай балық, жартылай кесірткеге ұқсайды деді. Аузы үлкен, көзі баданадай, басы бір түрлі пішінде, бастың арты шығыңқы, оның үстіне құйрығы бар. Ол өзін бақылаушымын деді, оны түрлі уақыттарда Жерге жұмсап отырған. Сол кездерде ол адам болмысына ауысқан. Бақылап, ақпарат жинап жүреді. Мен оны өмірінің соңғы күніне апаруға тырысқанымда, ол ондай күн жоқ деді. Ол әлі де бақылаушы боп жүргенін айтты. Бұл оның жұмысы еді. Мен «екіжүзді құбылғыштар» туралы көп естігенмін. Егер олар бар болса, онда осындай бірнеше бейнеде қатар жүре алатын тіршілік иелері болар деп топшыладым. Оның үстіне қуаттан тұратын тіршілік иелері кез келген болмысқа өте алады. Мұндай «құбылғыштар» шешім қабылдауға қақысы жоқ деп тұжырдым, себебі, олар жай ғана бақылаушылар, ақпарат жинаушылар. Бұл Бартоломью хикаясына ұқсайды. Сондықтан бұл соны жаңалық емес.

Бұдан түйеріміз, біздің Жер бетінде өмір сүретін болмысымыз біздің түп «Меніміздің» кішкентай бір бөлшегі ғана. Біз көптеген бөлшектерден тұрамыз. Яки, біз күрделі бүтіннің бөлігіміз. Біз сол бөлігімізді ғана танимыз, соны бүкіл болмысымыз деп есептейміз. Соның өзі жақсы. Егер қаншалықты күрделі тұтастық екенімізді білсек, бұл әлемде не осы шынайылықта дұрыс өмір сүре алмай қалар ек. Бізге тек сырт әлпетті көру мүмкіндігі берілген, оның астарында әлдеқайда ауқымды дүние бар. Тек қазір сол астарға үңілуге мүмкіндік туып тұр. Клара менің Калифорнияға келетінімді білген кезде тағы бір сеанс жасауымды өтінді. Мен бір аптадан соң Пасаденадағы «Хоул Лайф» көрмесінде баяндама жасауым керек болған. Бұл жолы Клара көлікпен жүрмей, Сан-Францискоға ұшақпен ұшып келмекші болды. Бұл сеанста мен Жердегі құпиялар туралы сұрамақ болдым. Себебі, маған кез келген ақпаратты ала аласың деді ғой. Бірақ Клараға нені зерттегім келетінін айтпадым. Әрине, өткен тәжірибелерімнен білім сақтаушылар мен сұрағанның бәрін айта бермейтінін білетінмін. Мен қысым көрсетуге болмайтынын білдім. Олар не айтса да, соны қабылдауым қажетін білдім. Мен түрлі сұрақ қоюға дайынмын, сондықтан кез келген сәтте басқа тақырыпқа ауысып кете алатынмын. Осы сеанс кезінде түрлі түсініксіз тақырыптарға сауалдар қойдым, сол жауаптарды Жер құпиясы туралы тарауға қосамын. Маған пирамида туралы сұраққа жауап берілмеді. Бұл сұрақтың жауабының уақыты келмеді деді. Бірақ мен одан бөлек көптеген маңызды жауаптар алдым.


Д.: Мен пирамидалар туралы сұрап едім, себебі сіздер Сүмбі ғаламшары – күллі ғаламшар, оның тасы, ондағы әр заты – білім сақтайды деп едіңіздер. (Иә). Клара, Жер бетінде сондай білім сақтайтын жер жоқ па?

К.: Жердегінің бәрі ақпарат сақтайды. Бүкіл ақпаратты адамның миынан табуға болады, адам сол ақпаратқа өзі ашылса болды. Адамға қазіргі даму кезеңінде көрнекі жер керек, мысалы кітапхана секілді. Білім сақталатын жер. Сонда барсаңыз болады. Сол себепті Жер бетінде бүкіл адамзат баласының білімін сақтайтын жерлер болуы әбден ықтимал, жаратылыстың бәрінің ақпараты болуы мүмкін. Мұндай сақтайтын жер пирамиданың ішінде бар. Егер адам өз санасының бүкіл әлеуетін аша алса, бүкіл білім өн бойында сақталатынын білер еді.

Д.: Аа. Өз тәжірибемде ақпаратты осылай алуға болатынына көз жеткізген едім (Иә). Бірақ адамдар мұны сезбейді. Олар мұндай ақпаратты тек транста отырған кезде біледі.

К.: Ол рас. Сол себепті сізді адамдарға бар құпиясы өз ішінде екенін көрсетсін деп таңдады ғой. Тек сол білімді іштен суырып шығаратын тәсіл керек. Сол арқылы адамдарға бұлай істеу мүмкін екенін көрсетесіз. Мұндайға сенбейтін адамдар бар. Дегенмен, сіз сияқты ақпараттың өн бойыңыздан ағып өтуіне рұқсат етсеңіз, сонда неғұрлым көп адам соған сенер еді. Уақыт өте келе соғұрлым көп адам өз ішінде не жатқанын білгісі кеп, осы жолды ұстанар еді. Бәлкім, кейін келешекте – қатты ұзап кетпейтін келешекте деп үміттенемін – адамдар саналы түрде сол білімді өздігінше игеретін болар.

Д.: Мен әрқашан соған сенімді болдым. Ақпарат уақыт өте келе өшіп қалмайтынын айтам. Ол түпсанада сақтаулы тұрады.

К.: Ол жасушаның ДНҚ деңгейінде сақтаулы тұрады. Адам тіпті тәнін тастап шығып, рух болып ұшып кетсе де, ақпарат ешқайда жоғалып кетпейді.

Д.: Егер қалай алуды білсек, ақпарат әрдайым қол созым жерде болғаны ғой.

К.: Иә. Ол барлық жерде. Ақпарат бәрінде бар.

Д.: Мен барып көрген пирамидалар және Перудегі ескерткіштер өз заманынан да көне болып көрініп еді.