Файл: Долорес Кэннон. Мы лшемді алам. Том Мскеу. Стигмарион баспасы, 2014 352 бет.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 08.02.2024

Просмотров: 155

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Ф.: Мұны қарғыс деуге келмейтін шығар. Мұнда кек алатын жаратылыстар жоқ. Олай емес. Пирамидаларда Жер бетіндегі басқа құрылыстарға қарағанда адам қуаты өте көп. Пирамидаға кірген кісі шоғырланған адам қуатының астында қалады. Тасты қуаттаған адамдардың бір бөлшегі сол қуатқа енеді. Қарғыс ату – сіз айтып отырған кездейсоқ оқиғалар – сол адамдардың бойындағы қуаттың үйлесімінің бұзылуы. Олар енген қуатты игере алмай қалады, содан түрлі трагедия орын алады. Кімнің жүрегі ашық, саналы, лайықты дайындығы болса, олар пирамидаға кірген кезде ішіндегі сақтаулы білімді ала алады. Пирамиданы парапсихикалық құрылыс деп атауға болады.


Д.: Фил, Оңтүстік Америкадағы пирамидалар ше? Оларды да мысырлық пирамида сияқты салған ба?

Ф.: Оларды да Атлантида күйрегенде қашып шыққан адамдар салған. Олар бірдей тәсілді қолданған. Себебі, бұл білім Атлантидада кең тараған еді. Оларды ғибадатхана ретінде қолданған. Бұл пирамидаларды салған кезде Атлантида заманынан бері көп уақыт өткен. Сондықтан концепциялар дамудың жаңа векторына өткен еді.


Д.: Бірақ сол принциппен салынды ғой? Фил, Мексикадағы пирамидалар ше? Оларды да левитацияның көмегімен салған ба?

Ф.: Бұл өнер уақыт өте келе жоғала берді. Сондықтан көп өркениеттер құрылыс техникасын адамға белгілі тәсілдермен жасауға тырысып бақты. Бұл пирамидалар қарапайым қара күшпен салынғаны анық көрініп тұр.


Д.: Себебі, бұл уақытта білім жоғалып қалды ғой?

Ф.: Бұл ұрпақ білімді алып үлгермеді. Олар тек көзбен көрген, не құлақпен естіген құрылысты сол күйінше салып қайталауға тырысты. Атлантида құрлығында пирамидалар болды. Алайда қазір олар судың астында қалды. Бірақ бір күні жердің бетіне шығады. Мұның бәрі апаттан соң мүмкін болады. Сол пирамидаларда жазылған білім жаңа ұрпаққа беріледі. Содан кейін адам қайтадан эволюцияланады.


Д.: Апат деп нені айтқың келіп тұр?

Ф.: Бұл термин ғаламшарда қазір және келешектегі он сегіз жылдың еншісінде жүретін түрлі физикалық өзгерістерді білдіреді. (Бұл сеанс 1985 жылы жазылды). Осы үдерістің бәрі «апат» деген терминге біріктірілді. Бірақ бұл бір ғана ауқымды жағдай орын алады дегенді білдірмейді.



Д.: Мысыр пирамидаларын кім және не үшін салғанын білесің бе? Оларды дәл қалай тұрғызған?

Ф.: Бұл туралы басқа сеанстарда көп рет қайталадық қой. Бұл алдыңғы өркениеттің өз мирасқорларына қалдырған монументі. Өзінің жеткен жетістігін, табысын айшықтау, шынайылықтың табиғатын қалай түсінетінін көрсету мақсатында тұрғызды. Оның әлі күнге дейін құпия сақталуы мирасқорлардың сол табыс пен жетістікке, сондай түсінікке жетпегенін көрсетеді. Бұл монументті мирасқорлар пирамиданың ішінде сақтаулы тұрған ақпаратты қабылдай алатын сана деңгейіне көтерілгенде түсінеді. Бұл өркениеттің жеткен деңгейінің көрсеткіші іспетті. Бұл жоғары деңгейлі қуатқа ие жаратылыстарға Жер бетіндегі мирасқорлардың түсінігі өскенін көрсететін, ашылмаған ақпаратты алуға дайын екенін сездіртетін білім. Пирамиданың құпиясы толық ашылмайынша, бұл ақпарат жасырын қала береді.


Д.: Осы пирамидалар қалай салынғаны қызықтырады. Сен соны көре аласың ба?

Ф.: Ал сіз оны көре аласыз ба? (Күлді). Оларды салу үшін левитация қолданылғаны айтылды емес пе? Оған қоса түрлі электромагнитті құралдар, дыбыс пен психикалық резонанс қолданылды. Басқасын айту бекер болар. Себебі, сіздер әлі оны түсінетін деңгейге көтеріле қойған жоқсыздар. Жоғары деңгейлі шынайылықты түсінетін деңгейге өткенде толық ақпарат аласыз. Үй салмас бұрын іргетасын құю керек.


Д.: Түсінікті. Маған бұл құрылысқа музыка қолдынылғаны айтылып еді. Дыбыс пен резонанс деп соны айтып тұрсың ба?

Ф.: Музыка тек дыбыс, тон ретінде. Ән емес.


Д.: Ол дыбысты қазіргі синтезаторлар шығара ма? Олар бұрын шықпаған дыбысты шығаруға қауқарлы ма?

Ф.: Мәселе тек қарапайым дыбыстық тербелісте емес, жалпы концептуалды шынайылықты түсінуде, психикалық қуаттардың үндестігін сезінуде. Сіздің психикалық қуатыңыз белгілі бір жоғары жиілікте резонанс жасауы тиіс. Яғни, ол қазіргі адамдардың түсінігіндегі қарапайым шу емес. Психикалық қуат белгілі бір үндестікке резонанс тудырарлықтай фокус жасауы тиіс. Ол шу да емес, тіпті үйлесімділік те емес. Дегенмен психикалық үндестіктің концепциясына жетсе, қуаттың түрлі аккордын, түрлі комбинацияларын жасауы мүмкін. Үндестікте шыққан психикалық аккордтар өте күшті қуатты генерациялайды. Егер оған өте көп адам қатысса, ол Жерді қақ бөліп тастарлық өте мықты дыбыс шығара алады. Атлантиданың күйреуі сияқты болар еді.



Д.: Жерден тыс өркениеттердің өз ғаламшарлық кемелерінен басқарып отырғанына ұқсай ма? Яғни, зейін қою арқылы.

Ф.: Иә.


Д.: Бұл тура сол қуат па?

Ф.: Жоқ. Бұл тура сол концепция, бірақ басқа пішінде көрініс береді.


Д.: Пирамидалар жай ғана ескерткіш пе, әлде олардың атқаратын басқалай қуатты қызметтері бар ма?

Ф.: Олар психореактивті элемент ретінде саналады. Ғаламшарды мекендейтін кей адамдарды өздігінен жоғары деңгейлі саналылыққа ұмтылдыратын стимулятор секілді – пирамидалар резонанс тудыратын деңгейге. Пирамидалардың концептуалды шынайлылығын түсіну мен олардың тербелісіне оңтайлану талпынысы сіздің ғаламшардың қуатын күшейте береді.


Д.: Пирамидалар өзге ғаламшарларға, кейде тіпті басқа Галактикаларға қуат беретіні рас па?

Ф.: Ол рас. Пирамидалардың геометриялық дизайны сіздің ғаламшарда ағатын қуатқа фокус жасайды. Сондай сәтте жететін резонанс үш өлшемнің шегінен асып кетеді. Ол үш өлшемнің шегінен асып түсетін сіздің төмен деңгейлі шынайылығыңызда мүмкін болатын абсолютті ақиқатқа мейлінше жақындатады. Бұл ақиқатты Галактиканың басқа өңірлерінде қабылдауы мүмкін. Ол құдды сіздің ғаламшарда ағып жатқан қуатты бағыттап, соны полярлы түрде фильтрлейтін сияқты. Мұндай концептуалды баламалар нақты емес. Айтпағым, олардың сіздің түсінікте ортақ еселігі жоқ. Дегенмен, біз сізге ақиқат жай ғана абстрактілі еместігін түсіндіруге барымызды салып жатырмыз. Ол шынайы, абстрактілі емес. Оны іс жүзінде қолдануға болады. Сіздердің түсінікте ақиқат абстракция боп саналады. Алайда шын мәнінде сіздердің «ақиқат» дегендеріңіздің нақты себебі мен салдары бар. Ақиқат фильтрге айналады немесе тойтарғыш делік. Мысалы, лазер сәулесін тойтаратын әлдене сияқты. Лазер – жарықтың белгілі бір ұзындықта толқынданған когерентті сәулесі. Ол айнаны не Айдағы сейсмикалық құрылғыны тойтара алады. Бұл тойтарғыш құрылғы пирамиданың баламасы болады. Пирамида ақиқаттың концептуалды ағынын, яғни әмбебап ақиқатты тойтарады. Пирамидалар жоғары деңгейлі ақиқаттың, жоғары деңгейлі білімнің тойтарғышы. Сіздердің ғаламшарға көз салғандар ақиқаттың тойтарғышын көреді. Баяғы заманда әлдекімдер сіздің ғаламшарда ақиқаттың осы жоғары деңгейіне жеткен, сондықтан сіздерде осы ақиқатты тойтарғыштар бар. Тағы да айтам, ақиқат – абстракциядан әлдеқайда зор.


Д.: Мен қалағанымнан да көп нәрсе білген сияқтымын.

Ф.: Пирамидаларды астрономиялық нысан ретінде қолданған. Пирамиданың төбесіне шығып, жуықтағы жұлдызды бетке алып, жұлдыздардың орналасуын есептеуге болады. Белгілі бір жұлдыздар бағдарлайтын нүкте ретінде қарастырылған. Пирамиданың нақты бір нүктесінде тұрып, осы нүкте арқылы пирамиданың төбесінен аспанға сызық жүргізсе, бағдар беретін жұлдызды табуға болады немесе оның пирамиданың төбесіне дейін қаншалықты орын өзгерткенін анықтауға болады.


Д.: Олар бұл ақпаратты неше үшін пайдаланған еді?

Ф.: Аспанның картасын құрауға мүмкіндік туғызған еді. Оған қоса уақыт картасын жасауға септесті, орбитадағы Жердің нақты орналасу орнын табуға көмектесті.

Долорес: Мен Мысыр, Перу, Мексикадағы пирамидаларды ойлап тұрмын. Өте үлкен тастан соғылған монументтер жайлы. Қазіргі жиырмасыншы ғасырда әлі жоқ, бірақ сол заман адамдарында осындай монумент соғатын тәсілдер болған ба?

Клара: Жоқ. Сіздерде бар ғой. Бірақ сіздер қолданбайсыздар.

Д.: (Сықылықтады). Маған мұны айтып еді. Біз қолданбайтын зерденің күші ғой.

К.: Солай.


Д.: Осындай үлкен тас монументті қалай тұрғызған?


К.: Сізге сұрақ қоюға рұқсат етіңіз. Бұл тастар сол маңда кездесе ме?

Д.: Меніңше, кей кездері кездескен, кейде кездеспеген. Маған оларды алыс жақтан тасымалдаған деп айтты.

К.: Көптеген жұлдызды жүйелерде және көптеген ғаламшарларда біз дүниені қуаттың күшімен тудырамыз. Тасты да солай жасадық. Олар жерде пайда болған. Телепатиялық түрде тудыра алсақ немесе таза қуатты материалдандырсақ, біз жай ғана қуатты бір орыннан екінші орынға тасымалдар едік. Дегенмен, пирамидалар негізінен құрылыс нысанына жақын маңайдағы материалдан қаланды. Бұл көп адамды әбіржітті. Оларды зерденің көмегімен салды – ол зердені бүгін біз қолданбаймыз. Тастарға сәулетшінің ойындағы нақты пішін берілді.

Д.: Мен пирамидаға барғанымда, тастардың желімдеуші затсыз-ақ бір-біріне мүлтіксіз сәйкесіп тұрғанын көргем. Кей жерінде майысқан пішінде кездеседі.

К.: Мұны телепатиялық түрде жасайды, ойдың күшімен ғана. Ой бәрінің түп атасы. Алдымен ой туады. Бұл монументтерді тұрғызғандар, тастар бір-бірімен мүлтіксіз үйлессін деп өз ойларында пісіп жетілдірді. Себебі, әр ой келесі оймен мүлтіксіз үйлесті. Сол сәтте бір ой екіншісімен тұтасып кеткенде, таңдалған өрнекке мүлтіксіз кірігетін бөтен ойға айналады.


Д.: Кейбіреулер пирамидалар машинаның көмегімен салынған деп есептейді. Мысалы, лазер сияқты.

К.: Ой – ең жылдам лазер. Әрбір тас кесек — бұл ой. Ой іргетас болуы ықтимал. Бір кесек тас — бір ой. Ойлар текшеленіп жиналады. Ой деген телепатиялық тастар десек болады. Әр ой – телепатиялық тас немесе материалды тас, себебі олар материалданады, бір-бірінің үстіне жиналады. Не бір қатарға жиналады. Бәрі де ойластырылған өрнекке байланысты.


Д.: Оларды қалай тасымалдады немесе бір-бірінің үстіне жинады?

К.: Ойдың көмегімен. Мысалы, менің ойым — мына тасты жасау. Мен былай деймін: «Мен бұл тасты мына жерден алып, ана жерге қоямын». Пирамиданың құрылысына өз ойын қолдана білген көп адам тартылған. Мысалы, менің ойым — мына тасты мұнда қоямын, ал ананы анда қоямын. Ой шынайылыққа айналды. Тіршілік иесіне. Тас — бұл да тіршілік иесі. Бірақ ол басқа энергетикалық масса. Бұл масса қозғалмайтынын көріп тұрмыз. Бірақ оның көлемі мен қуаты бар. Ортақ мүддесі бар бір топ адам өз ойларын біріктіру арқылы осынау монументтерді тұрғызды, олар материалды құрылысты салды.