Файл: Долорес Кэннон. Мы лшемді алам. Том Мскеу. Стигмарион баспасы, 2014 352 бет.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 08.02.2024

Просмотров: 148

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Д.: Бұл тіршілік иелері Жердің бір тұсына ғана келуші ме еді?

Л.: Жоқ. Оларда спутник... (бұл сөз оған бейтаныс болғаны сезілді) болды. Спутник-кемелер үлкен кемеден бөлініп шығып, Жердегі адам мекендейтін әр тұсқа түсетін. Олар өз жұмыстарының нәтижесін бөлісіп, үлкен кемемен үздіксіз байланыс ұстайтын.

Мұның барлығын Линда өзгенің сөзін қайталағандай айтып тұрды. Оған мұның бәрі бөтен әрі бір түрлі екені сезілді. Ол тек фактілерді тізбелеп шықты.

Л.: Солардың кейбірі үлкен жетістікке жетті. Кейбірі түкке қол жеткізе алмады. Дегенмен көпшілігі үлкен жетістікке жеткен. Олар жерліктерді көп нәрсеге үйретті – жердің тіршілігін жеңілдететін көп дүниені көрсетті. Бұлар жердегі адамдарға философия мен рухани көзқарастарын өзгертетін жаңа философияны ашып көрсетті. Олар адамдардың жүрегіне жарықтың дәнін екті, сол өсіп шығады деп үміттенді.


Д.: Сонда тірі қалу үшін не үйретті?

Л.: Олар жердегі адамдарға ауылшаруашылық туралы ілімді үйретті: қашан егу керек, қашан егінді жинау қажет, қалай өсіру тиімді екенін көрсетті. Бұрын адамдар соны білмеген. Олар шетінен аңшы болды. Тек өлтіруді білді. Жерге келген тіршілік иелері адамдарды өлтіре беруден ойын бөліп, егін егуді, оны жинауды үйретті. Яғни, басқа тамақ пен қуат көзі барын көрсетті. Бір жағынан бұл адамдарды бір жерде ұстап тұру үшін де қажет болды. Сонда олар көшпенді өмір сүрмес еді. Егер адам бір жерде тұрақты өмір сүрсе, ойлануға уақыты көп болар еді, өзінің қабілеті мен ойлану деңгейін дамытар еді. Өзге ғаламшардан келгендер жануарды өлтіре бермей, оларды басқаша қолдануға болатынын үйретті. Адамдарға бір-біріне мейірімді болуды көрсетті. Неғұрлым үйлесімді өмір сүрудің жолы барын көрсетті. Өкінішке орай, адамдар ұстаздарынан тағы да Құдай жасағысы келді. Бірақ бұл жолы ұстаздар өз мақсатына адал болды. Жердегі тіршілік оларды қақпанға түсіре алмады. Олардың мақсаты адамдарға ілім үйрету болды. Олар өз мақсатын орындаған кезде Жерден кетіп қалды. Бұл тәжірибе сәтті аяқталды. Жердегі адамдарға тіршілік ету үшін ең жақсы тәсілдерді көрсетті. Оларға қолда барды дамытуға мүмкіндік берді. Оларға көп нәрсені үйретті. Көптен бері болмаған тұрақты өмір сүруді үйретті. Адам бар екенінен мүлде бейхабар болған ақылын қолдануды көрсетті.

Д.: Бұл өте жақсы ғой.

Л.: Иә. Бұл өте жақсы жоба болды, ол аяқталғанда көпшілік қатты қуанды.


Д.: Бірақ сен кейбір ұстаздар дегеніне жетпеді дедің ғой?

Л.: Рас, себебі, олар үйретуге келген адамдар өзінің жердегі рақатынан бас тарта алмады. Олар көмекті қабылдамады, қабылдағысы келмеді. Сондықтан оларды сол күйінше қалдырды — олар жетіле алды немесе мәңгілікке жоғалып кетті. Жойылу – көбісі шын мәнінде осы күйді бастан кешті. Олар жоғалды, себебі тыңдамады.



Д.: Л дәл осы себеппен жойылған белгілі бір нәсілдер болды ма? Жер бетінен мүлде жойылған нәсілдер бар ма?

Л.: Ол кездерде адамдардың бәрі бірдей еді. Ол кездің адамдары түрі мен терісіне қарап ажыратылмайтын. Бәрі бірдей болды. Оның үстіне олар соншалықты көп емес еді.


Д.: Сен сұрақтарға жауап беруді жалғастырасың ба?

Л.: Сұрақ: «Қашан адамдардың терісі өзгерді, Жердің халқы сөйлейтін тілдер мен диалектілер қашан пайда болды?» Бұның бәрі көп кейін пайда болды. Оның басты себебі ғаламшардың әр түкпіріне әр түрлі келімсектердің келуінен орын алды. Адамдар Жерге Ғаламның әр бұрышынан ағылды. Солардың кейбірі Жерде қап кетіп, жерліктермен отбасы құрды. Бұл өте ұзақ үдеріске созылды. Соның арқасында қазіргідей Жер қалыптасты. Өмірімде терісі басқа адамдар болатынын мен тым кеш білдім. Саяхаттаған кезде мен тек екі түрлі терісі бар адамдарды көрдім. Бірақ маған терісі бөлек адамдар көп деген. Мен тек сары нәсілді және қоңыр нәсілді көрдім. Қызыл нәсілді адамдар бар дейді, бірақ маған оларды елестету қиын. Маған қара нәсілді адамдар болады дегенді айтқан. Оларды елестету қиын емес. Маған ешқашан көрмеген нәсіл бар дегенді айтқан. Олардың терісі менікінен басқаша. Олар аппақ. Мен ондай адамдарды көрмедім.

Д.: Л саған Жер бетінде енді жоқ нәсілдер туралы айтты ма? (Жоқ). Яғни, адамдардың терісі Жерге басқа әлемнің тіршілік иелері келе бастаған соң өзгерген екен ғой?

Л.: Иә. Бұл өте баяу үдеріс болған.

Д.: Мен нәсілдердің пайда болуына суық және ыстық климат әсер еткен деп ойлаушы едім. Яғни, бұл жалғыз себебі емес екен, солай ма?

Л.: Жоқ. Бәлкім, кейін мұндай да себеп болған шығар, бірақ бастапқыда адамдардың терісінің өзгеруіне бөгде ғаламшарлықтардың келіп, адамдармен араласып кетуінен басталды. Бір заманда біз бәріміз бірдей едік. Еш айырмашылық болмаған еді. Сосын біз өзге ғаламшарлықтармен некеге тұрдық. Содан өзгере бастадық.


Д.: Л бір-бірімізге ұқсас кезде біз қандай едік?

Л.: Біз бірдей кезде бәріміздің теріміз көзге жылы ұшырайтын қоңырқай еді.


Д.: Шашымыз болды ма?

Л.: Жоқ. Шаш болмады.


Д.: Шаш қан араласқан соң пайда болды ма?

Л.: Иә. Біз өзге ғаламшардан келгендермен, хайуандармен қан араластырдық. Сол хайуандардың күшін алғымыз келді. Бұл өте нашар идея болды. Мұндай жұптасудан түрі қорқынышты тіршілік иелері туды. Бұл біздің сөйлеуімізге және рационалды ойлауымызға әсер етті. Хайандармен шағылысуды тоқтаттық. Себебі, бұл өте жаман екенін түсіндік.




Д.: Бұл дамуға емес, деградацияға әкелді, солай ма?

Л.: Солай. Олар адамнан гөрі хайуанға көп ұқсады. Оның үстіне біз онсыз да даму жолында кенжелеп жатқан едік. Сондықтан хайуандармен шағылысуға тыйым салынды.


Д.: Л адамдар ең жиі шағылысқан хайуандар түрі болды ма?

Л.: Иә. Адамдар неғұрлым үлкен, күші көп хайуандарды таңдады. Олардың күшін, алыптығын алғысы келді.


Д.: Бірақ сен шағылысудан түрі қорқынышты тіршілік иелері пайда болды дедің ғой?

Л.: Иә, солай.


Д.: Сол қорқынышты түрі басқа ұрпаққа берілді ме? Бәрі бірдей жойылып кетпеген болар?

Л.: Кейбірі жойылды. Кейбірі сақталды.


Д.: Бұл аса жағымды қасиеттер болмаса керек?

Л.: Жоқ. Адамдар бұрынғысынан үлкейгені болмаса. Адамдар кішкентай еді. Хайуанмен шағылысу оларды ірі етті, күшін көбейтті, бұрын олай емес еді.

Д.: Бірақ бұл шағылысудың жамандығы одан да көп болды, сондықтан хайуанмен шағылысуға тыйым салды ғой.

Л.: Иә, бұл өте жаман еді. Себебі, алғашқы ұрпақ отбасын да, өмірді де ойламады. Олар үшін тек тірі қалу маңызды болды. Олар тіршілік үшін күресті.


Д.: Бірақ ғаламдық тіршілік иелерінің қалауы мұндай емес еді?

Л.: Жоқ. Олардың мақсаты жерліктерге бір-біріне деген сүйіспеншілікті оята отырып жария өмір сүруді үйрету еді. Ал бұл тіршілік иелері саяқ жүретін. Аса бір мұқтаждық бола қоймаса, басқа тіршілік иелерімен араласпады. Бұлардың екінші лектегі ұрпағы жақсырақ болды. Олар қоғам өміріне араласып отырды.

Д.: Л ғарыштық тіршілік иелері Жерге ғаламның түкпір-түкіпірінен келіп, адамдармен араласып, түрлі нәсілдер пайда болды, солардың бәрі ізгі ниетпен келді ме?

Л.: Кейбірі ғана. Олар өзімен бірге ізгі ниеттің технологиясы мен философиясын әкелді. Өзгелер тек зерттеу үшін келген. Олар үйретуге, не көмектесуге келмеді. Тек көруге келді. Бірақ ондайлар жердің тұрмыс-тіршілігіне беріліп кетсе, жерден кетуі қиындап қалатын.


Д.: Яғни, себептер әр түрлі болған екен. Л неге олардың барлығы Жерге бір мезетте келді, соның себебі бар ма?

Л.: Алғашқы ауылшаруашылық тәжірибелері сәтті өтті. Содан бөгде тіршілік иелері Жерден топ-топ боп кетіп жатты. Егер Жерге әр түрлі мүмкіндік берсе, тезірек дамиды деп ойлаған. Көбею бағдарламасы тоқтатылды да, адамзатқа тіршілік етудің неғұрлым биік пішінін үйрету көзделген. Кейбірі дәл сол үшін келген. Басқалары қызық қуып келді. Үшіншілері жаулап алу ниетімен келген. Олар шетінен сарбаз еді, ал ғаламшарлары кішкентай болды. Көпшілік
адам олармен араласпады, себебі олар тек бас пайдасын көздейтін. Сондықтан олар оқшауланып қалды. Олар өзінің жеке Ғаламын кеңейтудің мүмкіндігін көрді. Бірақ ешкім Жерге ұзақ уақытқа келе алмайтын. Жерге бірінші боп Сириус ғаламшарынан келгендер. Олар өз міндетін атқарып, қайтып кетті. Олардың сәтті жобасы басқалардың да көмектесуіне мүмкіндік бар деген үмітті оятты. Бірақ олай болмай шықты. Кейбірі көмектесті, кейбірі көмектесе алмады.


Д.: Неге сол сарбаздарға Жерге келуге тыйым салмаған?

Л.: Меніңше, олар рұқсатсыз келген. Бұл күтпеген жағдай болған.

Д.: Мен Жер үшін біреу жауапты болған екен десем. Жаман тіршілік иелерін Жерге келтірмей ұстаған деп ойладым. Мұндай тіршілік иелері бар ма? Әлде солардан құралған топ?

Л.: Иә, ондай тіршілік иелері бар. Бұрыннан бар. Алайда Жердің өзінің түйткілі көп болғандықтан, басқасы маңызды емес еді. Бұл сарбаздар араласып кетсе, одан еш жамандық бола қоймас делінген.

Д.: Түсінікті. Оларға біреу Жерден кетіңдер деп бұйырған болар деп ойладым.

Л.: Жаман қылықтарымен қатар олардың жақсы жақтары да бар. Олар зияты өте қатты дамыған тіршілік иелері. Бірақ сол зияты оларды бұрыс жолға салып жіберді. Олар шетінен көшбасшы боп туғандар еді.


Д.: Топтағылар басқа сұрақ қойды ма?

Л.: «Неге адамзатты жақсы өмір сүруге махаббат пен рух тазалығы арқылы үйретуге болмады?» Егер олар қаласа, үйретуге болар еді. Бірақ сол заманда олар кім болса, солай қала бергісі келді. Бұл әмбебап заңдылық. Рұқсатсыз ешкімнің құқығына қол сұғуға болмайды. Адамдар өз өміріне риза еді, ештеңе өзгерткісі келмеді. Неліктен адам ұсынып тұрған жақсы өмірден бас тартатынын маған түсіну қиын. Бірақ солай болды.


Д.: Ал ғарыштық тіршілік иелері адамдарға ауылшаруашылықты үйреткенін, оларға технология бергенін шектен шығу деп ойламады ма?

Л.: Адамдар мұны көктің сыйы деп қабылдады. Олар мұндай білімге мұқтаж еді. Бірақ олар жаңа философияны қабылдамады. Ол кезде адамдарды тек материалды дүние ғана қызықтырды.


Д.: Өмір сүруге көмектесетін материалды дүниелер ме?

Л.: Солай. Олар көре алатын, сезіне алатын дүниеден басқаға қызықпады. Адамның жанына егілген кішкентай ғана жарықтың дәнегі өсіп, баяу болса да өркендер деген үміт бар еді. Бұл бәрінің бастауы болды. Сол жарық ояну үшін бірнеше ғасыр өтуі тиіс.

Бұл ақпаратты мен басқа клиенттерден де естіген едім. Толығырақ «Бау-бақша сақтаушылары» деген кітапта айтылған. Бастапқыда маған ғаламшарға адамдарды сырттан әкеп мекендету мүмкін емес боп көрінген. Алайда бұл туралы көптеген клиенттерім айтты. Сондықтан бір ақпараттың бірнеше рет қайталануы сол ақпараттың растығын дәлелдейді деп білем. Себебі, клиенттер менің басқалардан қандай ақпарат алып жатқанымды білмейді ғой.


Тағы да сеансты тоқтататын мезет жетті.

Д.: «Қайтып келіп, басқа сұрақтар қоюыма бола ма? Сенің сабақтарыңа тағы да қатысуыма бола ма? Маған және басқаларға үйретерің көп екен».

Л.: Иә, сен қайтып келе аласың. Кейде артық білгенім өзімді де тығырыққа тірейді. Саған шындықты дұрыс түсіндірсем деп үміттенем. Көп жыл бойы ақпарат құбылды, қазіргі таңда бұл туралы бәрі теріс ойлайтын болған. Мен саған шындықты айтып, Жердің даму үдерісін көрсете аламын. Сонда жарық шұғыла шашып, оны әр адам көретін болар деп үміттенемін.

Сонда біздің ғаламшар дұрыс жолмен дамып, о баста болуға тиіс деңгейге жетер. Егер біз жарыққа тән емес дүниенің бәрінен баз кешсек, ақырында жарықтың тіршілік иелеріне айналамыз. Кемел тіршілік иесіне тән еместің бәрінен арылуымыз керек, сонда өзіміз о баста жаратылған жарыққа қайтамыз. Әрбіріміз үшін сол мекенге оралу таңғажайып болар еді.

Мен Линданың есін жиғыздым. Бартоломьюмен қоштастым. Сеанс тым кеш аяқталды. Шамамен түнгі он болды. Линданың шаршағаны білінді. Әңгімеміздің соңына қарай ол ұзақ үзіліс жасап отырды. Қазір ұйықтап қалатындай көрінді. Кейде оның айтқанын өзім қайталап, оған сөзін жалғауға көмектесіп отырдым. Біздің сеансты қағазға түсіргенімде айтылғанның бәрі мағыналы болып шықты. Екеуміз де шаршаппыз. Сонда да достарымызбен түнгі он бірге дейін әңгіме соқтық. Келесі күні тура сол жағдайды Джениспен қайталайтынымды білдім. Дегенмен бүгін бір күнде ауқымды жұмысты жасағанымызды сездім. Осы екі әйелмен жұмысты жалғастыру үшін Литл-Рокқа айына бір рет кеп тұруды жоспарладым. Бірақ реті келмеді. Келесі айларда мен Нострадамус туралы кітаптың екінші томына редакция жасап, беттеуімен әлектендім. Радиода бірнеше сұқбатым жоспарланды. Басқа ештеңеге уақыт қалмады. Сондықтан Линда және Джениспен жұмыс істеуге бірнеше айдан соң ғана оралдым.
3 ТАРАУ

ҚУАТ ҚҰРЫЛҒЫЛАРЫ

Линдамен келесі кездесу 1990 жылдың сәуірінде болды. Ол күйеуімен Арканзас штатындағы Юрика-Спрингс қаласында өткен Беймәлім ұшатын нысандар (БҰН) бойынша конференцияға келген. Конференция мен банкеттің ортасында оның мотеліндегі нөмірінде бір сеанс болса да жасамақшы болдық. Толыққанды сеанс жасауға уақыт тығыз еді. Диктофонға бір сағаттық кассета сап жатқанда неғұрлым ауқымды әңгіме жазуға дайындалып едім. Жоқтан бар жақсы. Сеанс кезінде үнемі сағатқа қараумен болдым. Себебі, бізге банкетке киініп шығу үшін де уақыт керек еді. Линдамен жұмысты жалғастырғым келді. Мен асықтырды деместен, ол айтқысы келгеннің бәрін айтты деп сенем. Оның күйеуі Джон, сеанс кезінде қасымызда отырды. Ол тыңдаған әңгімесін өте қызықты деді. Кейін ол маған бұл әңгіменің бәрі Линаданың өзі тарапынан айтылмағанын ескертті. Себебі, Линда мұндай ақылды болған емес деді ол. Әрине, бұл оның әзілі еді. Бірақ түбінде зілі бар әзіл болды. Оның ойынша, Линда мұндай заттарды ойдан шығаруы мүмкін емес. Оның пікірінше, мұның бәрін ойлап табуға әйелінің қиялы жетпес еді.