Файл: С. Ж. Асфендияров атындаЫ аза лтты медицина университеті б. А. Рамазанованы жне . дайбергенлыны редакциялауымен шыарылан медициналы микробиология.doc
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 19.03.2024
Просмотров: 328
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Аллергияның жүйелеу тәсілін 1947 жылы Р.Кук ұсынған еді. Ол тәсілдің негізі ретінде аллергияның даму уақыты алынған болатын. Аллергияның екі түрі бөлініп шығарылды: жедел гиперсезіталдық (ЖГС) және бәсең, не баяу гиперсезімталдық (БГС). ЖГС мен БГС сипаттары салыстыру арқылы 16,17,18,19-сызбанұсқада көрсетілген. ЖГС-тың қатарына аллергенмен қайталап кездескенде 20-30 минуттен кейін пайда болатын аллергиялық көрніс, ал БГС-қа 6-8 сағаттан кейін пайда болатын көрністер жатқызылған. ЖГС- пен БГС- тың пайда болу механизімі мен клиникалық көрністері өзгеше. ЖГС иммунитеттің В-тізбегінің демеуі арқылы антидене бөлініп шығарылуымен байланысты. Спецификалық антиденелер, не антигенреактивті В-лимфоциттердің клондарының көмегімен аллергиялық жағдайды ауру адамнан сау ағзаға ауыстыруға болады. Кейбір жағдайларда спецификалық десенсибилизация ( бұрма сезімталдықты жою) арқылы аллергияны нәтижелі емдеуге болады. БГС иммунитеттің жасушалық тізбегін демеу арқылы жүреді. БГС-ты аурудан сау адамға ауыстыруға болады, бірақ ол үшін жасушалардың тек қана белгілі тобы керек. БГС-ты спецификалық тәсілмен емдеу нәтижесіз.
Француз ғалымдары Ш.Рише және Ж.Портье 1902-1905 жылдары, Ресей ғалымы Г.Сахаров ЖГС-тың сипатын түсіндірген. Олар ЖГС стереотипті өтетінін және өліммен аяқталатынын көрсеткен еді. ЖГС-тың клиникалық түрі анафилаксия, атопиялық сырқат, сарысу ауруы, Артюс феномені ретінде өтеді. БГС құбылысын 1890 жылдары Р. Кох сипаттаған. Аллергияның бұл түрі тікелей түйісу аллергиясы, тері-аллергиялық сынақтың жауабы, не ақуыздарға бәсең аллергия ретінде жүреді.
1968 жылдары Джелл және Кумбс аллергияның молекулалық механизімін мұқият зерттеп аллергияның жүйелеу тәсілін жаңадан құрды. Сол жүйелеуге сәйкес аллергияның 4 типін ажыратады: анафилактикалық (1-тип),цитотоксикалық (2-тип), иммунды комплекстік (3- тип) және жасуша демеуімен жүретін ( 4- тип). Бірінші үш типі ЖГС-қа, ал соңғы түрі БГС-қа жатады. ЖГС басталуында IgЕ,IgG ,және IgМ антиденелердің , ал БГС-та лимфоидты-макрофагты жауаптың басты рөл атқаратынын көрсетілген.
Аллергияның 1-типіне жауапты факторлар реагиндер деп аталған, тін базофилдері және қан базофилдерімен реакцияға түсуге икем тұратын IgЕ және IgG-лардың биологиялық көрністерімен байланысты. Тін базофилдерімен мен қан базофилдерінің сырт қабығында IgЕ мен IgG-ны байланыстыратын және аллергендердің эпитоптарымен спецификалық өзара байланысқа түскенде ко-фактор ретінде қолданылатын жоғарғы аффинды FcR бар. Аллергеннің рецепторлық комплекспен байланысқаны тін базофилдері мен қан базофилдерінің дәнсіздендіруін тудырып, олардың дәнінің ішіндегі биологиялық белсенді заттарды (гистамин, гепарин т.б.) жасушааралық саңлауға бір дүркін шығаруға демейді. Олардың әрекеті өте шапшаң, қысқа мезгілді және ішектің, бронхының, қуықтың жазық бұлшық етінің жиырылуымен, секреторлық, эндотелиялық тағы басқа жасушалардың бедсенділігі артуына байланысты көптүрлі орган-тінді патофизиологиялық реакциялардан тұрады. Айтылғанның нәтижесінде анафилаксияға тән бронхоспазм, вазодилятация, қабыну және де басқа көрністер дамиды. Бөлініп шыққан цитокиндер иммунитеттің жасушалық тізбегін: Т2–хелперлердің, эозинофилогенездің құрылуын күшейтеді.
Аллергияның 1-типінің жарқын көрнісі анафилактикалық естен тануда байқалады. Аллергияның 1-типі бар адамның қан сарысуын сау адамға құйсақ реагиндер сау адамға ауысып, ол адамда белгілі бір уақыттың арсында сенсибилизация байқалады. Аллергияның диагнозын қою үшін қолданылатын Праустниц-Кюстнер сынамасы осы көрніске негізделген.
Макроорганизмнің соматикалық жасушаларының антигендеріне бағытталған цитотоксикалық антиденелер (IgG, IgМ) жасуша нысаналардың жасушалық мембранасымен байланысып, антиденеге тәуелді аллергияның әр типті механизімін іске қосады (2- типті аллергиялық жауап). Көлемді цитолизге сәйкес әртүрлі клинкалық көрністер ілесе жүреді. Классикалық мысал ретінде резус-дауласуы, не басқа топқа жататын қан құюдың нәтижесінде болатын гемолитикалық дертті келтіруге болады
Сырқат адамға антигеннің көлемді дозасын (өлшемін) еңгізгеннен кейін құрылған антиген+антидене комплексінің де цитотоксикалық әсері болады (3-типті аллергиялық жауап).Айналып жүретін аса көп және көлемді иммундық комплекс фагоцитоз жүргізетін жасушалардың калыпты механизімімен шапшаң ыдыратылмайды. Соның себебінен комплекстер бүйректің және басқа тіндердің, қан тамырының эндотелиясына қонақтап қабыну реакциялары кезінде пайда болатын жасуша тәуелді цитотоксикалықты туғызады. Жинала келе әсері іске асатындығына байланысты аллергияның 3-ші түрінің клиникалық көрністері кешірек пайда болады, кейбір кезде бір жұмадан аса уақыт өткеннен кейін көрінеді. Соған қарамастан аллергияның бұл түрі ЖГС–қа жатады. Аллергияның осы түрі гетерологиялық сарысуды алдын-алу, немесе емдеу үшін қолданған кезде асқыну түрінде пайда болатын «сарысу дерті», не ақуыз қосындысы бар шаңды ауамен дем алған кездегі «малшы өкпесі» деген аурулардың негізінде болады.
БГС (4-тип) аллергенге сенсибилизацияланған лимфоциттердің әсерінен, макрофагтардың иммундық белсендірілгенінің күшеюі арқасында құрылатын лимфоидты-макрофагалдық реакция болып келеді. БГС-тың механизмі калыпты иммундық кабынуға негізделген. Макрофагты белсендіру үшін олар Т1-, Т2- хелперлермен тікелей түйісуі , не болмаса сол жасушалар бөліп шығаратын гамма-интерферонның әсері болу керек. Макрофагты иммундық белсендіру себебінен оларда антидене тәуелді жасуша арқылы өтетін цитотоксикалық пен иммундық фагоцитоз күрт дамып, антигендерді ыдырату және тысқа шығару үдей түседі.
Аллергияның 1-типіне зертханада диагноз қойылуы аурудың сарсуынан спецификалық реагиндердің (IgЕ, IgG4) қосындысын және олардың қосынды санын анықтауға негізделген.
Аллергияның 2-типінде сарсудан цитотоксикалық антиденелерді (антиэритроцитарлық, антилейкоцитарлық, антитромбоцитарлық т.б.) іздейді. Аллергияның 3-типінде сарсудан иммунды комплекстерді анықтайды. Аллергияның 4-типін анықтау үшін, инфекциялық, паразитарлық және микоздық аурулардың (туберкулез, алапес, сарып, туляремия т.б.) диагнозын қойғанда тері-аллергиялық сынақты пайдаланады.
Аллергияны емдеу үшін аллергеннің ықшамды өлшемін ұзақ уақыт десенсибилзациялау түрінде қолданады. Күрделі жағдайда глюкокориткоидтармен емдейді.
Сонымен қатар, гиперсезіталдықтың калыпты жағдайда пайдасы да бар. Бұл процестің механизімі инфекциялық агентті қоршағанда туатын қабынудың негізінде жатыр және толық бағалы иммундық қорғау құруына қатынасы бар.
10.5. Иммунологиялық есте қалу (жадында сақтау)
Организм антигенмен қайталап кездескенде шапшаң және белсенді иммунды реакция, яғни екіншілік иммундық жауап құрылады. Бұл көрініс иммунологиялық есте қалу деп аталды.
Иммунологиялық есте қалудың белгілі антигенге жоғарғы дәрежелі спецификалығы болады және В- , Т –лимфоциттермен негізделіп, иммунитетің гуморалдық және жасушалық түрлерінде байқалады. Тәжірибе жүзінде ол әр кезде пайда бола отырып жылдарға, не ондаған жылдарға созылады. Сонының арқасында адамның организмі антитгендер шабуылының кайталануынан сенімді қорғай алады.
Қазіргі заманда иммунологиялық есте қалудың құрылу механизімі туралы шындыққа жуық екі көзқарас бар. Біріншісі - антигендердің ағзада ұзақ уақытқа дейін сақталынады дегенге негізделіп болжанған. Оны дәлелдейтін мысалдар: капсуламен қоршалған туберкулез таяқшалары, қызылшаның, полиомиелиттің, шешектің персистенілген вирустары мен тағыда организмде көп уақыт, кейде өмір бойы сақталып, иммунитеттің күш дәрежесінің бір деңгейде болуын қолдайтын микроорганизмдер. Сонымен қатар, ұзақ өмір сүріп антигенді өңдейтін антидене синтездейтін дендритті жасушалардың болуы мүмкін.
Екінші механизімнің түсінігі бойынша организмде жемісті иммундық жауап жүру кезінде антигенреактивті Т-, не В-лимфоциттердің бөлімі «тыныштық» жағдайдағы кіші жасушаларға, немесе иммунологиялық есте қалу жасушаларына айналады. Ол жасушалар антигендік детерминантқа , жоғарғы деңгейлі спецификалыққа ие және өмір сүру уақыты өте ұзақ ( 10 жыл және одан астам). Олар тіндер мен органдарда қонақтап, айналып жүреді, бірақ өздерінің мекендік рецепторларының қолдауымен өзінің щыққан тегіне үнемі қайта оралады.
Иммунологиялық есте қалу феномені вакцинациялау тәжірибесінде, жоғары деңгейлі иммунитет құрып, оны ұзақ уақыт қорғау деңгейінде сақтау үшін кең колданылады. Ол мақсатты іске асыру үшін ревакцинациялау жүргізіледі, яғни вакцинаны бірінші еккеннен кейін 2-3 рет қайталау және де мезгіл- мезгіл вакцина егуді жүргізу .
Сонымен қатар иммунологиялық есте қалудың теріс көрністері де бар. Мысалы, ауыстырылған органдар (трансплантант) орнықпай өздігінен бөлінсе, оны қайталап орнықтыру әрекетінде органдарда тасқынды реакция қоздырып бөлініп шығарылу дағдарысына соқтықтырады.
10.6.Иммунологиялық толеранттық
Иммунологиялық толеранттық иммунды жауаппен иммунологиялық есте қалуға кері көрініс. Ол организмнің антигенді «танып», жемісті спецификалық иммунды жауап қайтара алмауының себебінен болады.
Иммунологиялық толеранттықтың иммундысупрессиядан айырмашылғы иммундыкомпетентті жасушалардың тиісті антигенге бастапқыдан жалпы жауап бере алмауына негізделген.
Иммунологиялық толеранттықтың феномені 1953 жылы бірінен бірі тәуелсіз чех ғалымы М. Гашек және П. Меадвар бастаған ағылшын ғалымдарынның тобымен ашылған еді. Олар көрністі жануарлаға тәжірибе қойған кезде ашқан.
Имунологиялық толеранттықты толерогендер деп аталатын антигендер туғызады. Тәжирибеде толергендер барлық органикалық заттардың қатарынан табылады, бірақ көбінесе олар полисахаридтер болып келеді.
Иммунологиялық толеранттық туа біткен және жүре пайда болған болып бөлінеді. Туа біткен толеранттықтың мысалы ретінде иммундық жүйенің организмнің меншікті антигендеріне жауап бермеуін келтіруге болады. Жүре пайда болған иммунологиялық толернаттықты организмге иммунитті тежейтін заттарды ( иммунодепрессанттар) еңгізіп, эбрионалдық уақытта, не туғаннан кейінгі алғашқы күндерінде перзентке антигендерді еңгізіп құруға болады. Жүре пайда болған иммунологиялық толеранттық белсенді және енжарлы болып бөлінеді. Белсендіі толеранттық организмге спецификалық толеранттықты құратын толерогенді еңгізгенде пайда болады. Енжарлы толеранттық иммундыкомпетентті жасушалардың биосинтетикалық, не пролиферативтік белсенділігін тежейтін заттар (антилимфоцитарлық сарысу, цитостатиктер т.б.) әсерімен туғызуға болады. Иммунологиялық толеранттық жоғары деңгейлі спецификалық қасиетке ие, сондықтан тек қана бір белгілі антигенге бағытталған. Көлем дәрежесіне сәйкес толеранттық поливаленттік және моноваленттік болады. Политваленттік толеранттық бір мезгілде антигеннің құрамына кіретін барлық детерминаттарға қарсы пайда болады. Моноваленттік толеранттық антигендердің кейбір таңданылған детерминанттарын кабылдамайтындығымен сипатталады.
Толеранттықтың көрніс дәрежесі макроорганизммен мен толерогеннің көптеген қасиеттеріне байланысты. Мысалы, толерогендіктің көрінісіне организмнің жасы мен иммундыреактивтігінің жағдайы әсер етеді. Иммунологиялық толеранттықты эмбрионалдық кезеңде, немесе жаңа туған кезде жеңіл іске асыруға болады.