Файл: С. Ж. Асфендияров атындаЫ аза лтты медицина университеті б. А. Рамазанованы жне . дайбергенлыны редакциялауымен шыарылан медициналы микробиология.doc
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 19.03.2024
Просмотров: 324
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Протозооларға қарсы иммунитеттің механизімі толық зерттелмеген. Паразиттік ауруларда гуморалдық және жасушалық иммунитеттің қатар пайда болатыны әйгілі. Қан сарысуында М және G иммундыглобулиндері табылады, бірақ, олардың иммунитетке қатынасы шамалы. Кей кезде олар макрофагтардың әсерін үдетіп жасушалық иммуниттеті дамытуы мүмкін. Паразитарлық ауруларда аллергиялық көрністің баяу түрі қосымша реакция ретінде байқалады.
Паразиттерге қарсы иммунитет құрылуы олардың құрылымдық ерекшелігі мен өмір сүру дағдысына байланысты. Паразиттердің көптеген түріне антигендік өзгеріштік тән, айтылған қасиет оларды иммунитеттің факторларынан сақтайды. Мысалы, безгек плазмодиясының дамуының әр бір сатысында өзіне сәйкес спецификалық антигендері болады.
Паразиттерге қарсы иммунитеттің қуат дәрежесін серологиялық реакциялармен және тері-аллергиялық сынамаларымен анықтауға болады.
11.2.5. Ішек құртына (гельминттерге) қарсы иммунитеттің ерекшелігі
Ішек құртына қарсы пайда болған иммунитетте басты рөлді эозинофилдер атқарады. Оның механизімі антиденетәуелді жасуша арқылы өтетін цитотоксикалық процеске негізделген. Антиденелермен белсендірілген эозинофилдер ішек құртын зақымдайтын токсикалық заттарды бөліп шығарады. Сонымен қатар ішек құртын жоюда тіндік базофилдердің қатысы бар. Биологиялық белсенді токсикалық заттар ішектің перисталтикасын күшейтіп паразиттерді және оның қалдықтарын тысқа шығарады. Ішек құрты тудырған ауруларда аллергия көрнісі қатарласып жүреді.
11.2.6. Трансплантациялық иммунитет
Трансплантациялық иммунитет деп макроорганизмнің алмастырылған бөгде тінге (трансплантатқа) қарсы пайда болған иммунды жауабын айтады. Бұл процестің механизімін жетік білудің өте зор медициналық маңызы бар, өйткені тін немесе орган алмастырудың жетістігі сол механизімге байланысты.
Бөгде тін мен жасушалардың құрамында генетикалық жат антигендер болатындықтан оларға қарсы иммунды жауап туады. Ол антигендер трансплантациялық, немесе гистосәйкестік антигендер деп аталады. Олардың көпшілігі цитоплазмалық мембранада орналасқан. Бір ұрықтас егіздер арасында бірінен біріне тін немесе орган ауыстырғанда иммундық жауап болмайды, өйткені олардың антигендері генетикалық тұрғыдан бір тектес болып келеді.
Организм трансплантациялық бөгде антигендермен кездескенде жасушалық және гуморалдық иммунды фкторлар арқылы жауап қайтарады. Жасушалық иммунитеттің негізгі факторы Т-киллерлер. Олар ауыстырылған тінге көшіп онда цитотоксикалық әсер етеді.
Сонымен қатар, бөгде антигендерге қарсы құрылған спецификалық антиденелердің (гемагглютининтдер, гемолизиндер, лейкотоксиндер, цитотоксиндер) трансплантациялық иммунитет құрылуына зор әсері бар. Олар трансплантатты ыдырату үшін құрылатын реакцияны іске қосады.
Ауыстырылған тін немесе жасушалардың иммундық процестер арқылы зақымдануы екі сатыдан тұрады. Бірінші сатыда ауыстырлған заттың (трансплантаттың) айналасында иммундық жауап жасушаларының шоғырлануы байқалады. Екінші сатыда трансплантаттың ыдырауы басталып, бұл процеске Т-киллерлер, белсендірілген макрофагтар, табиғи киллерлер тағы басқалары іске белсенді қатысады. Процесті фагоциттер аяқтайды.
Трансплантатты бөліп тастау кезінде Т- және В-жасушалардың ақпаратты есте сақтаушы түрлерінің клоны құрылады. Сол жасушалар мен тіндерді қайталап ауыстыру кезінде шапшаң және қарқынды иммунды жауап қайтарылады.
Клиникалық көрнісіне сәйкес трансплант бөлініп тасталуының үш түрін ажыратады: жедел, аса жедел және ұзартылған мерзімді.
Жедел бөліп тастау - механизімі бірінші иммунды жауапқа сәйкес. Ем қолданбаған кезде бір жұма, не бір ай аралығында болатын иммундық жүйенің қалыпты жауабы.
Аса жедел бөліп тастау немесе бөліп тастаудың дағдарысы – екінші иммундық жауапқа негізделген трансплантациядан кейін бірінші тәуліктің арасында болатын көрніс. Өту механизіміне антиденелер, комплемент, қанды ұйытатын факторлар катысады. Сонымен қата, иммунды кабыну қан ұйыту жүйесі іске қосылады. Осы процестердің әсерінен трансплантант шапшаң ыдырап бөлініп шығарылады.
Ұзартылған мерзімді бөліп тастау - механизімі жедел түрге уқсас. Операциядан кейін емделген ауруларда бірнеше жылдар өткеннен кейін пайда болатын түрі
Сондықтан, тін, немесе орган алмастыру кезінде донор мен реципиентті гистосәйкестік антигендері бойынша қадағалап тексеру қажет.
11.2.7. Қатерлі ісіктерге қарсы иммунитет
Адам ағзасының құрылысы өте күрделі. Онда организмнің тұрақтылығын сақтауға бағытталған процестермен қатар керісінше организмнің қартайуына, не биологиялық қателіктер себебінен азып -тозушылық көрністері де байқалып тұрады. Атап айтқанда мутанттық және қатерлі ісік жасушалары пайда болады.
Мутантты жасушалар – химиялық, физикалық, биологиялық канцерогендердің жеңіл зақымдауынан кейін пайда болады. Биологиялық канцерогендерге облигатты паразиттер, әсіресе вирустар жатады. Мутантты жасушалардың гистосәйкестік антигендері өзгереді. Сондықан, олар иммунитеттің бақылаушы іс атқаратын гуморалдық және жасушалық факторларын белсендіреді. Айтылған процесте антиденелер мен Т-киллелер маңызды рөл атқарады.
Қатерлі ісіктің жасушалары әлсіз иммуногендер қатарына жатады. Осыған қарай олардың өзіне сәйкес ерекшеліктері бар. Іс жүзінде мұндай жасушалардың калыпты жасушалар түрінен айырмашылығы жоқ. Сонымен қатар қатерлі ісік жасушаларының антигендік құрамы жетіксіз. Қатерлі ісікпен байланысты антигендер қатарына рак-эмбрионалды антигендер тобын, кейбір вирустық антигендерді жатқызуға болады. Қатерлі ісік жасушаларының иммунологиялық жолмен жетік антықталмау себебінің тағы бірі - ол ісік басталған жерде қабыну процесінің жоқтығы және агрессивті цитокиндердің түзілуі.
Қатерлі ісікке қарсы иммунитеттің механизімі әлі де болса толық анықталмаған. Болжау бойынша оның механизімінде басты рөлді белсендірілген макрофагтар атқарып, қосымша серпіліс беретін табиғи киллерлер болуы мүмкін. Гуморалдық иммунитеттің қатынасу қатынаспауы екіталай.
Соған қарамастан кейінгі кезде қан сарысуынан рак-эмбрионалдық және қатерлі ісікпен байланысты антигендерді анықтау иммундық диагностикада кең қолданылып келеді. Айтылған тәсілмен бауырдың, асқазанның, ішектің қатерлі ісігінің диагнозын қоюға болады.
Иммунды қорғаныстың деңгейі мен ісік пайда болудың арасынды тығыз байланыс бар екені күмәнсіз. Оны дәләдейтін факторлар жеткілікті. Сондықтан, қатерлі ісікті емдеуге иммундық дәреженің деңгейін жоғарылататын дәрі-дәрмектер (иммундымодуляторлар- интерлейкиндер, интерферондар т.б.) қолданылып жүр.
11.2.8. Жүктіліктің иммунологиясы
Жүктіліктің иммунологиялық толеранттықпен тікелей байланысы бар. Жүкті ананың иммундық жүйесінде нәрестенің гетерогендік антигендерімен қарсыласуға жеткізбейтін көптеген факторлар кешені қалыптасады. Біріншіден, плацентаның жасушалары иммундыкомпетентті жасушалардың рецепторларына «көрінбейтін» болса, екіншіден, плацентаның жасушалары иммунитетті тежейтін цитокиндер түзеді, ал үшіншіден, жатырдың тініде орналасқан табиғи цитокиндер нәресте антигендері мен белсендірілген лимфоциттерді жойып отырады.
Жүктілік кездегі иммунологиялық толеранттықтың механизімі аса қарқынды болады. Мысалы, ұрғашы жануарлар эмбрионның әкесінің трансплантантын бөліп тастамайды. Бірақ, ана босанғаннан кейін толеранттық тез жойылып, трансплантант бөлініп тасталады.
11.3. Иммундық статус және оны бағалау
Иммундық статус дегеніміз клиникалық, лабораториялық көресеткіштерінің жинағымен анықталатын жеке дараның иммундық деңгейінің құрлылымдық және функционалдық жағдайы.
Сонымен иммундық статус белгілі бір уақытта организмнің белгілі бір антигенге иммундық жауап беру қабілеті. Иммундық жүйе болуының өзі организмнің иммунды жауап беруге мүмкішілігін көрсетеді, бірақ ол жауаптың бір антиген түріне берілген кернеуі, дәрежесі, антидене түзілуі әрбір жеке дарада неше түрлі және кең ауқымды болуы мүмкін.Бір адамда антигенге қарсы антидене түзілсе, екінші адамда гиперсезімталдық пайда болады, ал үшіншіде иммунологиялық толеранттық дамуы мүмкін.
Иммундыреактивтіктің айтылған көрсеткіштері тек қана дара арасында өзгеше болмай, әр бір дараның өмір сүру кезеңдеріне қарай әр түрлі болады. Ересек адамға қарағанда, жаңа туған перзенттің, немесе оның бір жасқа дейінгі кезіндегі иммундық статусының айырмашылығы болады. Мысалы, балаларда иммунологиялық толеранттық шапшаң түзілсе, иммунизациялаудан кейінгі пайда болатын андиденлердің титрі төмен болып келеді. Жасөспірім мен егде тартқан адамдардың да иммундық статусы әр түрлі. Оның көп жағдайлары тимустың іс атқару бабына байланысты. Жас ұлгайған сайын тимус солып функциясы баяулай бастайды, сондықтан қартаң адамдар қатерлі ісікке жиі душар болады. Жас қосылған сайын ағзада аутоантиденелердің концентрациясы жоғарылайды. Соның себебінен қартаюдың негізінде созылмалы жүретін аутоагрессия деп есептейтін көзқарас бар.
Иммундық статус тәулік бойымен де өзгеріп отырады. Оның себебі көп. Сонымен имммундық статусты анықтағанда жоғарыда келтірілген көрністер әр уақытта есте болуы керек.
Филогенетикалық тұрғыдан қарағанда иммундық жүйе басқа жүйелермен салыстырғанда кешірек пайда болған және де сыртқы әсерлерге тұрақсыз. Тәжірибеде қандай да болмасын сыртқы әсер иммундық жүйенің жағдайын өзгертпей қоймайды. Иммундық статусқа төменгідей факторлар әсер етеді:
-
климаттық-географиялық; -
әлеуметтік; -
экологиялық (физикалық, химиялық және биологиялық); -
«медициналық» (дәрінің әсері, операция ,стресс т.б.).
Климаттық-географиялық факторлардың арасынан температураның, ылғалдықтың, күн сәулесі радиациясының, жарық күннің ұзактылығының тағы басқаларының иммундық статусқа әсер ететінін атап өту керек. Мысалы, фагоцитарлық және тері-аллергиялық сынамалар оңтүстіктердегілерге қарағанда солтүстіктің тұрғындарында төмен болады. Африка тұрғындарында евроаплықтармен салыстырғанда күл ауруы сирек кездеседі.
Әлеуметтік факторлардың қатарына тағам сапасы, үй тұрмысы, кәсібі т.б. жатады. Иммундық статус үшін мезгілінде, сапалы тағамданудың зор маңызы бар, өйткені тағамнан иммундық жүйе құрамын құруға қажетті заттар алынады.
Иммундық жүйенің жағдайына әлеуметтік факторлардың әсері де кем емес. Тұрмыс нашар болған кезде адамның жалпы физиологиялық көрсеткіштері әлсіреп, иммундық статустық дәрежесі төмендейді.
Иммундық жүйеге кәсіп түрінің де әсері болады, өйткені адам өмірінің ұзақ уақытын жұмыс орнында өткізеді. Физикалық, химиялық , биологиялық өнеркәсіп факторлары (микробтар, айғай –шу, вибрация, дезинфектанттар, температура т.б.)адамға зиянды әсер етіп иммундық реактивтікті әлсіретеді.
Экологиялық факторлар адамның иммундық жағдайына жан-жақты әсерін тигізеді. Ол факторларға айналадағы ортаның ластануы ( ядролық реакторлардың зыянды заты, олар күйреген кездек тарайтын радионуклидтер, пестициттердің ауыл шаруашылығында кең қолдануы, химиялық өнеркәсібінің, автокөліктің, биотехнологиялық мекемелердің қалдық заттары) жатады.
Иммундық статусқа кең тараған медициналық шаралардың (диагностикалық тексеру, емдеу, стресс т.б.) әсерін тигізеді. Хирургиялық операциядан және де әр түрлі жарақаттан кейін иммундық статус бірқатар өзгереді.
Иммундық статустың қалыпты жағдайда тұрақсыздығына қарамастан оның деңгейін зертханалық сынамалар кешенімен анықтауға болады. Органдар мен тін ауыстырғанда, аутоиммундық сырқаттарда, аллергияда, иммундық тапшылық ауруларында иммундық статусты анықтау емдеу нәтижесін білу үшін өте қажет. Зертхана мүмкіншілігіне қарай иммундық статусты анықтау төменгідей көрсеткіштерге негізделген (11.1-кесте):