Файл: Тынысм шелеріні аурулар ы жедел бронхит жне бронхиолит.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 27.04.2024
Просмотров: 570
Скачиваний: 0
СОДЕРЖАНИЕ
Т Ы Н Ы С М Ү Ш Е Л Е Р І Н І Ң А У Р У Л А Р Ы
ӨКПЕНІҢ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ ДЕСТРУКЦИЯЛАРЫ
Жүрек-тамыр жүйесінің аурулары Артериялық гипертензиялар
Гипертония ауруы (эссенциальдық аг)
Аг сатылары, ддұ классификациясы, 1993
Антигипертензивтік емнің тәсілдері
Алғашқы антигипертензивтік емді таңдау
Симптоматикалық (екінші ретті) артериялық гипертензиялар
Миокард инфарктісінің атипиялық түрлері.
Жедел ревматизм қызбасы және жүректің ревматизм ауруы
Жүре пайда болатын жүрек ақаулары
Асқазан аурулары Созылмалы гастрит
Гастриттің екі түрінің екшеу критерийлері
В гастритінің екі сатысының басты критерийлері
Бауыр және өт жолдарының аурулары Созылмалы гепатит
Бауыр циррозының ауырлық дәрежелерін анықтау
Бауыр циррозының ең жиі кездесетін түрлері.
Бауыр циррозының сирек түрлері.
Бауыр циррозымен ауыратын науқасты емдеу әдісі.
Дәнекер тінінің жайылмалы аурулары
Буын аурулары Ревматоидтық артрит
Витамин в12-жетіспеушілік анемия
Тұқым қуалайтын гемолитикалық анемиялар Тұқым қуалайтын микросфероцитоз (Минковский-Шоффар ауруы)
Жүре пайда болатын гемолитикалық анемиялар Аутоиммунды гемолитикалық анемия
Гипопластикалық (апластикалық) анемиялар
Классификациясы. А) Лимфобласттық лейкоздар:
Стационардан шыққаннан кейін бификол немесе колибактерин 5 дозадан күнге 3 рет 1 ай бойына беріледі, олармен бірге дәрілік өсімдіктерден алынған қайнатпалар мен тұрындылар беріледі.
Уақытша еңбекке жарамсыздықтың орташа мерзімдері. ІІ-ІІІ дәрежелі колитте – 1,5-2 айға дейінгі мерзімді құрайды.
МӘСК жолдама беру. МӘСК жолдама СК ІІІ дәрежесінде беріледі.
Санаторийлы-курорттық ем науқас адам ауру қоздырғышы болмайтын жағдайда және аурудың ремиссия фазасында іске асырылады. Науқас адамдарды Белокуриха, Арзни, Березов минерал сулары, Боржоми, Джермук, Ессентуки, Железноводск, Пятигорск, Трускавец, Сары-Ағаш курорттарына жібереді.
Диспансерлеу. Созылмалы колитпен ауыратын адамдарды диспансерлік есепке алады. Аурудың жеңіл түрінде оларды жылына 1 рет қарайды. Ауру адамды учаскелік терапевт, гастроэнтеролог бақылайды, көрсетпе болса – онколог бақылайды.
Прогноз. Мезгілінде және активті емдегенде, сонымен қатар берілген ұсыныстар міндетті түрде сақталған жағдайда болжам, жайлы болып келеді.
Профилактика. Алдын алып, сақтандыру шараларына жедел ішек инфекцияларының алдын алу, жедел колитті мезгілінде этиологиялық емдеу, организмдегі созылмалы инфекция ошағын жою, тиімді қоректену, қоректену гигиенасын сақтау жатады. Психотерапиялық ем тәсілдерінің, ішек қызметіне сәйкес фитопрепараттарды қабылдаудың, асқорыту мүшелерінің басқа ауруларын емдеудің үлкен маңызы болады.
Бейспецификалық жаралы колит
Бейспецификалық жаралы колит (БЖК) – себебі белгісіз, тоқ ішектің кілегей қабығының некрозды қабынып, жара, геморрагия және ірің түзуімен сипатталатын ауру.
БЖК тарау жиілігі – 100 000 тұрғынға 40-80 ауру адам келеді, 20-40 жастағы адамдар басым ауырады, әйелдер еркектермен салыстырғанда 1,5 есе жиі ауырады.
Этиологиясы және патогенезі. БЖК себебі белгісіз. БЖК дамуында инфекциялық қоздырғыштардың (бактериялардың, саңырауқұлақтардың, қарапайымдардың), дәрілердің, тамаққа аллергияның, стрестің маңызы бар деген пікір бар.
Аурудың патогенезінде дисбактериозға, иммунологиялық реактивтіліктің өзгеруіне, вегетативтік және гастроинтестинальдық эндокриндік жүйенің дисфункциясына маңыз береді.
Дисбактериоз жергілікті токсикалық және аллергиялық әсер көрсетеді, ішек қабырғасының өткізгіштігін арттырады; сау адамда бұрын микроорганизм болмайтын бөліктерде олардың пайда болуы қалпына келу процестеріне кедергі тудырады.
Вегетативтік және гастроинтестинальдық гормональдық жүйенің дисфункциясы ішек функциясының нейро-гормональды реттелуін бұзады, кілегей қабықтың бактериялық антигендер мен белок молекулаларын өткізгіштігін күшейтеді.
Микробтық және басқа антигендер тоқ ішектің кілегей қабығына еніп, онда тоқ ішекке қарсы антиденелердің түзілуін тудырады, оның өзі протеолиз өнімдерімен және ішек микрофлорасы метаболизмінің басқа өнімдерімен қосылып, ішек қабырғасының иммундық және иммундық емес қабынуын тудырады.
Иммундық механизмдер патологиялық процеске басқа органдар мен жүйелердің (тері, көз, ауыз қуысы, тірек – қимыл аппараты, қан жүйесі) қосылуын қамтамасыз етеді.
БЖК дамуында тұқым қуу бейімділігінің де белгілі маңызы болады.
Патоморфологиясы. Жиі жиек ішектің дистальді бөліктері мен тік ішек зақымданады. Панколит 25% жағдайда кездеседі. Қабыну кілегей қабықпен шектеледі. Кілегей қабықта және кілегей асты қабатта полиморфты ядролы қабыну инфильтраты пайда болады. Эпителийдің үдемелі талқандалуы оның бетінде жара пайда болуын тудырады.
Крипталардың нейтрофильдермен инфильтрациялануы ЖБК-ке тән белгі крипталардың микроабсцестерінің қалыптасуымен аяқталады. Процестің созылмалы дамуында ішек деформацияланады – ол қысқарады, тарылады, оның қабырғасы қалыңдайды, ішек бауға немесе қорғасын түтікке ұқсас болады. Кілегей қабықтың жаралануы мен эпителий регенерациясы, грануляциялық тіннің түзілуіне байланысты псевдополиптер деп аталатын түзілістер пайда болады. Стриктура түзілу қаупі туындайды.
Классификациясы
Даму барысы:
Дүлей даму
Жедел
Созылмалы қайталамалы
Созылмалы үздіксіз
Ауырлық дәрежесі:
Жеңіл
Орташа
Ауыр
Зақымданудың тарау аймағы:
Толық колит (ретроградты илеит бар немесе жоқ)
Сол жақ колит
Дистальді колит (проктосигмоидит, проктит)
Қабыну активтілігі (эндоскопия мәліметтері бойынша)
Өте аз
Орташа
Ауыр
Асқынулар:
Жергілікті
Жүйелі
Клиникасы. БЖК-ке төмендегідей симптомдар мен синдромдар тән:
1. Диарея, тоқ ішек қабынғанда су мен натрийдің реабсорбциясы бұзылатындықтан туындайды. Дәретке отыру жиілігі БЖК ауырлық дәрежесіне тәуелді болады, тәулік ішінде дәретке отыру саны 2-ден 40-қа жетеді. Диарея көбіне түнде және таңертең болады. Диареяға әдетте қоса қан, кілегей және ірің болады.
2. Қан кету, тік ішектің кілегей қабығының жаралануымен және ішінде тамыр торы көп борпыл дәнекер тінінің түзілуімен байланысты туындайды. Қосымша болатын кілегей мен ірің – қабыну процесінің белгілері.
3. Іштің ауыруы – БЖК-ң тұрақты белгісі. Іш бүріп ауырады, ауырғандық сигма тәрізді, көлденең – жиек, тік ішек, сирек – соқыр ішек аймағында болады. Ауырғандық үлкен дәрет алдында күшейе түседі, дәретке отырғаннан кейін қояды немесе азаяды. Кейде тамақтан кейін күшейеді.
Диарея, қан кету және іштің ауыруы БЖК-ке тән клиникалық триада деп есептелінеді.
4. Интоксикациялық синдром. БЖК ауыр дамуына тән, оның жедел және дүлей түрінде байқалады. Күшті жалпы әлсіздік, адинамия, дене қызуының көтерілуі (жиі жоғарғы дәрежеге дейін), жүдеу, тәбеттің төмендеуі немесе жойылуы, депрессия күйі, кейігіштік, жылауықтық, эмоциональдық тұрақсыздық болады.
5. Дистрофиялық синдром. Жүдеу, терінің қуқыл тартуы мен құрғақтығы, гиповитаминоздар, шаштың түсуі, тырнақтардың өзгеруі байқалады.
6. Жүйелік белгілер синдромы:
а) полиартрит (буын деформациясы жоқ): сирақ – асық буыны, тізе буыны, бунақтараралық буындар зақымданады; сирек – спондилоартрит және сакроилеит байқалады;
б) тері мен кілегей қабықтар: түйінді эритема, гангренозды пиодермия, аяқтың жаралары, афталы стоматит, тіл шетінің жаралануы, түйінді дерматит түрінде зақымданады;
в) көздің зақымдануы конъюнктивиттер, ириттер, увеиттер, эписклериттер белгісін береді;
г) бауырдың зақымдануы: майлы дистрофия, созылмалы гепатит, бауыр циррозы белгілері болады;
д) нефроз синдромы кездеседі;
е) аутоиммундық тиреоидит анықталады;
ж) аутоиммундық гемолитикалық анемия байқалады.
Пальпация кезінде сигма тәрізді, көлденең – жиек және соқыр ішектердің бойында ауырғандық анықталады. Аурудың асқынусыз дамуында ішперденің тітіркену және іш қабырғасы бұлшық еттерінің тартылу белгілері болмайды.
БЖК клиникасы аурудың даму ауырлығы дәрежесіне тәуелді болып келеді, ал даму ауырлығының дәрежесі өз кезегінде қабыну процесінің таралу көлеміне тәуелді болады.
Аурудың жеңіл дәрежесі проктит пен проктосигмоидит түрінде байқалады. Дәретке отыру жиілігі тәулігіне 4 реттен көп болмайды, қан кету нәжістегі қан жолағы түрінде кездеседі. Іш мезгіл-мезгіл ауырады, пальпацияда сигма тәрізді ішектің болмашы ауыратыны анықталады. Дене массасының азаюы 10% төмен. Аурудың жүйелі белгілері мен жергілікті асқынулары болмайды. Еңбекке қабілеттілік сақталған. Жалпы белок > 65 г/л., ЭТЖ < 26 мм/сағ., Нв > 111 г/л, гематокрит > 0,35.
Аурудың орташа ауыртпалықты дәрежесінде тоқ ішектің сол жағының толыққа жақын дерлік бөлігі зақымданады. Нәжісте қан, ірің және кілегей аралас болады, дәретке отыру жиілігі тәулігіне 5-6 ретке дейін, іш бүріп ауырады, іштің ауыруы дефекация алдында күшейе түседі. Ішектен қан кету айқын болып келеді. Дене массасының азаюы 10-20% құрайды. Дене қызуы субфебрильді деңгейде, пульс жиілігі 1 минутта 10-ға дейін. Аурудың жүйелік белгілері мен интоксикация белгілері болады. Еңбекке қабілеттілік төмендейді, немесе толық жойылады. Қан сарысуының жалпы белогі 65-60 г/л, ЭТЖ 26-30 мм/сағ., Нв – 105-111 г/л, гематокрит 0,25-0,34. Емге жақсы көнеді.
Аурудың ауыр түрі тоқ ішек түгел және түгелге дерлік зақымданғанда байқалады. Тоқтамсыз диареяның тәулік ішіндегі жиілігі 6 рет жоғары болады, қан көп кетеді. Науқас адамды азапқа салатын тенезмдер, іштің жайылмалы ауыруы бой көрсетеді. Жоғарғы дәрежелі, кейде сепсистік қызба болады. Жүйелі зақымдану белгілері мен жергілікті асқынулар белгілері байқалады. Интоксикация, дегидратация, анемия белгілері анықталады. Дене массасының азаюы > 20%. Қан сарысуының жалпы белогі < 60 г/л, ЭТЖ > 30 мм/сағ., Нв < 105 г/л, гематокрит < 0,25. Консервативтік ем барлық жағдайда тиімді бола бермейді.
Жаралы колиттің даму барысы. Жедел даму барысы сирек кездеседі, түгел (толық) колитте байқалады. Ауру тез басталады, тез үдейді, асқынулар ерте пайда болады. Ауыр диарея, ішектен ауқымды қан кету байқалады. Титықтап жүдеу, интоксикация белгілері анықталады. Ауру 1-3 ай ішінде өліммен аяқталады (летальді шешілу).
Аурудың дүлей даму (фульминантты) түрі тоқ ішек толық зақымданғанда және жүйелі зақымдану белгілері тез дамығанда байқалады. Ауру кенет басталады, клиникалық белгілері өте тез өріс алады (бірнеше күн немесе 1-2 апта ішінде). Ауыр диарея, көлемді ішектен қан кету, жоғары дәрежелі қызба, ауыр интоксикация болады, жиі өмірге қауіпті асқынулар дамиды.
6 ай бойы ремиссия болмаса, аурудың ондай даму барысын созылмалы үздіксіз даму деп анықтайды. Аурудың бұл түрінде қайталауы бірінен – кейін бірі болады, ремиссия қысқа мерзімді болып келеді, өте тез жүйелі зақымдану процесі қалыптасады, асқынулар жиі кездеседі.
Созылмалы қайталамалы даму барысы ауру дамуының ең жиі түрі, ол ремиссиялардың 3-6 айға және одан да ұзаққа созылуымен сипатталады.
Қосымша тексерулер. Жалпы қан анализі: қан көп кеткенде жедел постгеморрагиялық анемия белгілері анықталады, БЖК-ң созылмалы дамуында созылмалы теміржетіспеушілік анемия белгілері, лейкоцитоз, ЭТЖ өсуі болады.
Несептің жалпы анализі: БЖК ауыр даму барысында протеинурия, микрогематурия анықталады.
Қанның биохимиялық анализі: жалпы белоктың, альбуминнің азаюы анықталады, глобулиннің көбеюі мүмкін.
Копрограмма. Макроскопияда ботқа тәрізді, сұйық нәжіс анықталады, нәжісте қан, ірің, кілегей болады. Микроскопиялық тексергенде: эпителий көп болады. Нәжісте еріген белокты анықтау реакциясы (Трибуле реакциясы) оң мәнді болады. Бактериологиялық тексергенде дисбактериоз анықталады.
Эндоскопия (ректороманоскопия, колоноскопия) және биоптатты гистологиялық зерт-теу: эндоскопиялық өзгерістердің 3 дәрежелі ауырлығы анықталады.
Жеңіл дәрежесінің белгілері: кілегей қабықтың жайылмалы гиперемиясы, тамыр суретінің болмауы, эрозиялар, бірен – саран беткей жаралар, гистологиялық процесс басым тік ішекте орналасқан.
Орташа ауыртпалықты дәрежесінің белгілері: «түйіршікті» кілегей қабық, кілегей қабықтың жанасқанда жеңіл қанайтындығы, көптеген, бір-бірімен қосылмайтын, кілегеймен, фибринмен, іріңмен жабылған беткей жаралардың болуы, патологиялық процестің басым тоқ ішектің сол жақ бөлігінде орналасуы анықталады.
Ауыр дәреже белгілері: тоқ ішектің кілегей қабығының ауыр некроздық қабынуы, ауыр іріңді экссудация, спонтанды қан құйылу, микроабсцесстер, псевдополиптер, патологиялық процестің тоқ ішектің барлық бөлігін қамтуы.